Түркістан полицейлері пәтер ұрлығын жасап 1 миллионнан астам ақша жымқырған азаматты ұстады. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын пәтер ұрлығы туралы арызданған. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оның үйіне терезе арқылы белгісіз біреу кіріп, 1 млн 100 мың теңгесі мен 100 АҚШ долларын ұрлап кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркелді. Ұрлықты ашу мақсатында кентаулық тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды, сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді.
Кентау ҚПБ-ның қызметкерлері екі күн бойы тыңғылықты жүргізілген істің нәтижесінде, жан-жақты жинақталған мәліметтер мен табылған айғақты заттарды саралай келе, аталған іске күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады.
Белгілі болғандай, ұры жәбірленушінің үйінде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп алған. Содан кейін терезе арқылы тұрғын үйге кіріп, ақшаны ұрлап кеткен. Сондай-ақ күдікті жымқырған ақшаны бас пайдасына жаратқан. Қазіргі уақытта орта жастағы күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Үйден шықсаңыз, тіпті аз уақытқа болсын сыртқы есіктер мен терезелерін сенімді жауып жүріңіз.