Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен құқық қорғау органдары қызметкерлері заңбұзушылықты болдырмау және қылмысты ізін суытпай ашуда қырағылық танытып келеді. Соның бірі – Түлкібас ауданында өзгенің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен күдіктіні ұстады.
Түлкібас аудандық Полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда көрсетілгендей, кешкі сағат 20:00 шамасында ауласында тұрған құны 1,6 миллион теңгені тұратын «Нива» маркалы автокөлігін белгісіз біреу айдап кеткен.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында автокөлікті айдап кеткен күдіктіні анықтап ұстады. Ол жәбірленушіге жалданып жұмыс жасайтын жергілікті тұрғын болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті үйде ешкім жоқтығын пайдаланып, көлікті айдап кеткен. Содан түнгі мезгілде ауылға баратын жолдағы бұрылыста аударылып, мас халде жол көлік оқиғасын жасаған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеліп,тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бас шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері осындай жағдай орын ала қалса, тез арада полицияның «102» телефонына хабар берулеріңізді сұрайды. Бұл өз кезегінде қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.