Түркістан облысы полицейлері құжаттарын жоғалтып алған қарт тұрғынның төлқұжатын қайта жасап берді. Биыл жасы 100-ге келген қария 60 жыл төлқұжатсыз өмір сүріпті. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков фейсбуктегі парақшасында жариялады.
«Біздің көші-қон саласындағы полицейлеріміз құжатын жасатуға келген әрбір ардагерді немесе мүмкіндігі шектеулі жанды әрдайым кезексіз қабылдап, мүмкіндігінше көмек қолын созып келеді. Полиция қызметкерлерінің ізеттілік көрсетіп, үлкенді сыйлау әрекеттері бізде қалыпты жағдай. Өйткені полиция халыққа мейлінше жақын болып, заң аясындағы жәрдемін бергені жөн. Осы ретте Жетісай аудандық полиция бөлімі тәртіп сақшыларының мына бір игі істерін ерекше айтып өтуге болады. Құжатсыз жүрген 100 жастағы қарияның 60 жыл бойы ұстамаған құжатын алуы үшін ешқайда сандалтпай, барлық қажетті шараларды атқарып, мереке қарсаңында табыстап қайтты. Дайын құжатты қолына алған қарт ана полицейлерге ақ батасын арнады» деп жазды полиция генерал-майоры.
Биыл ақпан айында Жетісай ауданы Күрішті ауылының тұрғыны ғасыр әже Күлай Сүгірбаеваның бүгінге дейін жеке куәлік алмағаны анықталған болатын. Қария өзінің барлық құжаттарын 1960 жылдары жоғалтып алған екен. Содан кейін қайта жасатпастан құжатсыз жүрген. Жеке басын куәландыратын құжат алу жөнінде Жетісай ауданы полиция бөліміне өтініш білдірмеген және көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгінбеген. Осыған байланысты құжатсыз қарт тұрғынға тәртіп сақшылары Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес бірінші кезекте полиция бөліміне барып өтінішхат жазуы тиіс екендігі түсіндірілген. Өтінішхатпен бірге Қазақстан азаматын екенін растайтын туу туралы куәлінің, еңбек кітапшасының, орта немесе толық орта емес білімі туралы аттестатының, диплом немесе шаруашылық бойынша кітаптан үзінді көшірмелерін тапсыруы қажет еді. Алайда, аталған құжаттардың ешқайсысы К.Сүгірбаевада жоқ екендігі белгілі болды.
Осыған қарамастан Жетісай аудандық Полиция бөлімінің Көші-қон қызметінің мамандары заң талаптарын егжей-тегжей түсіндіріп, оған құжаттарын жинақтауға көмектесті. Екі-үш ай аралығында сот шешімімен туу туралы куәлігі қалпына келтірілді. Одан кейін жедел әрекет еткен полицейлер азаматша К.Сүгірбаеваның Қазақстан азаматтығын растау туралы өтінішхатын қабылдады. 20 күннен кейін тұрғынның жеке куәлігі даяр болды. Осылайша жүз жасаған әжеге жеке куәлігін алып беру үшін тәртіп сақшылары барлық қажетті шараларды жүргізіп, көмек қолын созды.
1 қазан – Халықаралық Қарттар күні аудандық Полиция бөлімі кадр саясаты тобының аға инспекторы Ғабит Айтымбетов пен көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Қанат Жұрқабаев бір ғасыр өмір сүрген ақжаулықты әженің шаңырағына арнайы барды. Қос майор Күләй Шонбасқызын мерекесімен құттықтап, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстады.
– Балаларым сендерге менің жасымды берсін, үбірлі-шүбірлі болыңдар. Жұмыстарыңда тек биіктен көрініңдер. Алғандарың алғыс болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп қария ақ батасын берді.
Қария 5 ұл, 3 қызды өмірге әкеп, тәрбиелеп өсірген көпбалалы ана. Олардан 53 немере, 32 шөбере көрген, 3 шөпшек сүйген аяулы ана.
Қарттарымыздың хал-жағдайларын біліп, құрметтеуді әдетке айналдырған Түркістан облысы полицейлерінің бұл бағыттағы жұмыстары тек мереке күндері емес, жылдар бойы жалғасын табады. Өйткені, қарты бар үйдің қазынасы бар.