Түркістан облысында былтырғы жылмен салыстырғанда мал ұрлығы едәуір азайған. Биыл 214 мал ұрлығы қылмысын тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 470-ті құраған еді. Яғни биыл 256-дерекке кеміп отыр. Бұл туралы облыстық ІІД басшысы Қайрат Дәлбеков өзінің Facebook парақшасында жазады.
«Жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 18 қылмыстық топ қолға түсірдік. Бұл топтардың 58 тұлғасына қатысты тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, олардың мал ұрлығының 113 жайтына қатыстылығын анықтадық. Бұл ретте жедел уәкілдердің атқарған жұмысы орасан. Олар қараусыз кеткен және айлап, жылдап жоғалған малдарды, оған қатысты күдіктілерді еліміздің түкпір-түкпірінен іздейді. Іс-сапарларға шығып, күні-түні өздерінің іздеу жұмыстарын жүргізеді», - деп жазады облыстық ІІД басшысы Қайрат Дәлбеков.
Жалпы биылғы жылдың қаңтарынан бастап ҚР ҚК-нің мал ұрлығына қатысты бабына өзгеріс енгізіліп, жаза күшейтілді. Яғни «мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға, көлікке заңсыз кіру жағдайы қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды.» Ендігі кезекте мал ұрлағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
«Жаза қатаңдатылса да, бұл қылмысты әлі де күн тәртібіне қойып, барымташыларды ұстауға байланысты жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз. Бұл ретте мал иесі ретінде сіздердің өз мүліктеріңізге мұқият болғандарыңыз бізге жасаған үлкен көмектеріңіз болмақ. Сондай-ақ өз күштеріңізбен малдарыңызды іздеген жағдайда уақытты көп өткізіп алмай, бірден учаскелік полицейге, жақын маңдағы полиция бөліміне хабар бергеніңіз дұрыс. Себебі бірлескен түрдегі іздеу жұмыстарының нәтижесінде жоғалған немесе ұрланған мал уақытылы, әрі аман-есен табылуына үміт басым болады. Мұндай жағдайлар біздің жұмыста көп кездеседі. Оның ішінде полицейлерге дер кезінде хабар берген тұрғындардың көпшілігінің малдары табылып, қайтарылды», - деп жазды Қ. Дәлбеков.