Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып, арызданады. Арызданушы 400 мың теңгелік 2 дана «Play station» ойын аппаратын белгісіз біреудің жалға алып, қайтармай қойғандығын айтады.
Аталған жайтты полицейлер бірден тіркеуге алып, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша іс қозғайды. Осы іс бойынша полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын бастап кетті. Нәтижесінде күдікті ер азаматты полиция қызметкерлері 3 күн ішінде Шымкент қаласынан ұстады.
Тергеу барысында күдіктінің Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шықты. Ол желідегі қосымша арқылы «Play station» ойын аппаратын жалға беремін деген жарнаманы көріп, бір күндік жалға алу ақшасын төлеп, аппараттарды қолына түсіргеннен соң сатып жіберіп отырған. Ол қолға түсірген аппараттардың әрқайсысын 75 мың теңгеден сатып жіберген. Оның дәл осындай тағы да екі жайтқа қатысы бар екендігі анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1 миллион 200 мың теңгеге жуық.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті бұрын осындай алаяқтықпен айналысып, оған қатысты шара көрілген. Қазіргі таңда бас шарасы қамауда. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге жақын таныс емес адамдарға сенбеуді, барынша сақ болуды ескертеді.
Полиция кз