Үкім, айқай, дүрбелең: Жоғарғы сот Шерзат Болат ісінің трансляциясына нүкте қойды

image.png

Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесінің үкімі 5 маусым күні оқылып, үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Процесс басталғаннан бері Жоғарғы соттың тікелей эфирін ұйымдастырған түсірілім тобы үшін бұл күн ерекше ауыр және эмоцияға толы болды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Перизат Сәдуақас-Хайруллина өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, 10 сәуірден бастап екі ай бойы Жоғарғы сот бұл сот отырысын онлайн-форматта көрсетіп отырды.

Сот отырысына қатысты негізгі деректерге тоқталар болсақ:

• Барлығы 36 тікелей эфир жүргізіліп, 80 сағаттан астам уақыт эфирде болған;

• Эфирлерді 30-дан астам БАҚ қайта таратты;

• Жоғарғы соттың YouTube арнасында бұл көрсетілімдер 1 миллионнан астам қаралым жинады;

• Көрермендердің ең көп үлесін – 25-34 жас аралығындағы жастар (37,1%) құраған;

• Көрермендердің 58,3%-ы – әйелдер, 41,7%-ы – ер адамдар;

• Трансляция 42 елден қаралған. Алдыңғы орындарда: Қазақстан (87%), Өзбекстан (5,3%), Қырғызстан (1,4%), Германия (0,6%) және АҚШ (0,3%).

image.png

Үкім оқылған сәтте не болды?

Перизат Сәдуақас-Хайруллина 5 маусым күні үкім жарияланған сәтте түсірілім тобына жетекшілік етіп, камера жанында тұрған. Оның айтуынша, үкім оқылған соң залда туындаған дүрбелең, айқай-шулар мен агрессияны камера арқылы жеткізу мүмкін емес.

Сот залы жер астынан қозғалғандай болды. Сотталушылар әйнекті ұрып сындырып, туыстары айқайлап, орындықтарға шығып кетті. Бұл сәтте мен трансляцияны дереу тоқтаттым, - деп жазады ол.

Сондай-ақ баспасөз хатшысы сол сәтте өз өмірі үшін шын мәнінде қорыққанын мойындады. Оның телефонын бір сотталушының туысы тартып алмақ болған. Қауіпсіздік қызметкерлері мен әріптестері ғана көмектесіп, журналистерді залдан шығарып үлгерген.

Перизаттың айтуынша, трансляция кезінде камераның дірілдеген сәттерін мұқият көрермендер байқаған болуы мүмкін. Ол алдын ала қауіпсіздік үшін орталық камераны екі әріптесінің ортасына қойғанын айтты. Қымбат құрал-жабдықты қорғау үшін барлық сақтық шарасы қолданылғанымен, дүрбелең кезінде камераны штативтен шешіп, алып шығуға тура келген.

Кадр сыртындағы жұмыс

Баспасөз хатшысы эфир артындағы еңбекті де атап өтті. Оның айтуынша, тікелей эфирді ұйымдастыру – жай ғана "play" батырмасын басу емес. Бұл – көптеген адамның күндіз-түні атқарған кәсіби жұмысы.

Кейбір әріптестеріміз экранда көрінбесе де, техникалық, ұйымдастырушылық жұмыстарды атқарып отырды. Бұл – көрінбейтін, бірақ өте маңызды еңбек, – деді ол.

Перизат Сәдуақас-Хайруллина әріптестеріне, қолдау көрсеткен барша адамға алғыс айтып, бұл істен алған әсері мен жауапкершілігі өте үлкен екенін жеткізді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты. Ал мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.

Адвокат Жұмат Әбенов резонансты мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды. Бүгінгі сот отырысының соңында ол айыпталушы Абзал Шынасылдың шынайы болғанын, бірақ бір сәттік сенгіштігі өзіне кері әсер етіп, істі мойнына ала салғанын айтты.

Белгілі болғандай, Шерзаттың өліміне тікелей себеп болған соққыны Абзал Шынасыл жасаған. 

image.png

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Үкім, айқай, дүрбелең: Жоғарғы сот Шерзат Болат ісінің трансляциясына нүкте қойды
  • Әлемде бала туу көрсеткіші күрт төмендеді
  • Шерзат өліміне қатысты сот: Прокурор Абзал Шынасылға 23 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады
  • Рейтинг: Орталық Азиядағы ең әсем қала
  • Дархан Сатыбалды алматылықтарға үндеу жасады
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер