Түркістан облысында 44 тасымалдаушы 1224 дана автобуспен (шағын автобуспен) жолаушылар тасымалдау қызметін көрсетуде. Облыстағы тұрақты бағыттар желісі 325 бағыттағы 1090 кестеден тұрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс бойынша 2018 жылы 797 млн жолаушы тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,8%-ға жоғары. 2019 жылы 865 млн жолаушы тасымалданады деп күтілуде. Өткен жылы жалпы жолаушылар көлігінде 18 тұрақты бағыт ашылды. Бұл туралы Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бекзат Тілегенов мәлімдеді.
Одан бөлек, 2019 жылдың 1 қаңтарында әлеуметтік маңызы бар «Түркістан – Бадам» және «Түркістан – Сарыағаш» теміржол бағыттары ашылды. Пойыздар аптасына 5 реттен қатынайды. Билет құны «Түркістан – Бадам» – 609 теңге, «Түркістан – Сарыағаш» – 1114 теңге.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 4 қаңтарында аптасына 2 рет жиілікпен «Түркістан – Шымкент» жедел пойызы іске қосылды. Орындар саны – 175. Билет құны – 609 теңге. Шымкент қаласынан шығу – 05-45 (дүйсенбі), Түркістан қаласынан шығу – 19-25 (жұма).
Айта кетерлігі, Түркістан қаласының Өзбекстанның Самарқанд қаласымен сауда-экономикалық, туристік әлеуетін нығайту мақсатында, 2019 жылдың 1-тоқсанында «Түркістан – Самарқанд» тұрақты халықаралық автобус бағытын ашу жоспарланып отыр.