Бүгін Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім түзілді. Маңызды меморандум аясында филиалдың жанынан өңірде алғаш рет жас журналистер клубы құрылды. Алғашқы күннен оның мүшелігіне 42 талантты жас қабылданды.
Бүгінгі таңда аталмыш оқу орнында журналистика мамандығы бойынша 100-ге жуық студент тәлім алуда. Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан шаһарын түлетуде ақпараттық саланың алар орны ерекше екені даусыз. Халықаралық университеттің ректоры Болатбек Абдрасилов сапалы кадрларды даярлау ісіндегі оң өзгерістердің орын алып жатқанын айта келе, осы меморандум аясында жемісті жұмыстардың атқарылатынына сенім білдірді.
- Түркістанның түлеп, түрленуіне бұқаралық ақпарат құралдары айрықша маңызға ие. Себебі шаһардағы оң өзгерістер жайлы жағымды жаңалықтарды елмен бірінші кезекте журналистер бөліседі. Сондықтан студенттеріміз үшін тәжірибе алмасып, білікті кадр ретінде қалыптасуы үшін барынша атсалысуымыз қажет. «Білім» туралы заңға өзгерістер енгізілген соң біз оқу бағдарламасын әзірлеу ісінде еркіндік алдық. Соған сәйкес, теориялық сабақтардан гөрі практикаға басымдық беріп, студенттердің түрлі ақпарат құралдарында тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалатын болады. Осы тұрғыда Қазақстан журналистер одағының облыстық филиалымен арада түзілген меморандумға артар үмітіміз мол, - деді университет ректоры Б.Абдрасилов.
Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібайдың айтуынша, екіжақты келісімнің аясында алдағы уақытта жастардың шығармашылығын шыңдау мақсатында шеберлік сыныптары, тренингтер, форумдар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Студенттердің елдегі ең беделді ақпарат құралдарында практикадан өтуіне, жастар тарапынан ұсынылған медиажобаларды жүзеге асыруға Журналистер одағы тарапынан барынша қолдау көрсетілмек.
Бүгінгі таңда оқу ордасындағы журналистика саласын мейлінше дамыту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта университетте радио және телестудия өз жұмысын бастамақ. Жастар аудиториясына арналған «Яссауи.FM» радиосын ашу бағытында да қадамдар жасалуда.
Сонымен қатар университет пен «Оңтүстік» телеарнасының арасында да өзара ынтымақтастық жайлы Меморандумға қол қойылды. Бұл Түркістан өңіріндегі теледидар саласы үшін қажетті білікті кадрларды даярлаудағы маңызды қадам ретінде бағалануда.