Әйеліне жалған дипломмен жұмыс істеткізген директор

Screenshot_6.png 

Мектепте пәленбай жыл бастауыш пәннің оқытушысы болып істеп жүрген мұғалімге атағы дардай оқу орны жалған диплом беріпті, ал әлгі ұстаз ол дипломның жалған екенін осы уақытқа дейін білмей келіпті. О заман да, бұ заман, осылай болуы мүмкін бе? Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылындағы осы аттас мектептің директоры Бахритдин Нұрметовтың айтуынша, мүмкін екен...

Мұғалімді осындай түк білмейтін дәрежеге жеткізген заман-ай десеңізші. 

... 2006 жылы өзінің жұбайы Фарахат Нұрметованы Астанада бір колледжді бітірді деген жалған дипломымен бастауыш пәннің мұғалімі етіп жұмысқа қабылдаған сол кездегі Ескі Иқан орта мектебінің директоры Бахритдин Нұрметовтың заңсыз әрекетін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ОҚО бойынша департаменті анықтаған. Ф.Нұрметоваға қатысты қылмыстық іс қозғалып, артынша іс рақымшылық заңымен қысқартылады. Ал директор Б.Нұрметовтың өзі «сөгіс» жазасымен құтылғанымен, көп ұзамай қызметінен босатылған. Араға 11 жыл салып, 2017 жылдың желтоқсанында ол аталған мектептің директоры қызметіне конкурстық комиссияның шешімімен қайта тағайындалады. Нұрметовтың қайта оралуымен сол баяғы «жалғандық» тағы қайталанған.  Көп ұзамай оның жұбайының жалған дипломмен сабақ беріп келгені әшекере болған. Бұл жолғы диплом жекеменшік колледждікі емес, Шымкентте орналасқан, Қазақстандағы беделді деген мемлекеттік университеттікі... Бәріне рет-ретімен тоқталсақ...

«Рейтинг» газетінің редакциясына осындай арызды аталған мектепте ұзақ жылдар аспазшы болып істеген Мунавар Мусаева және қазіргі уақытта дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып істейтін Тойшы Нусбатов айтып келді. Қолдарында айғақтық құжаттары да бар.

Құжаттарға қарағанда, расында да 2006 жылы Ескі Иқан мектебінің директоры Бахритдин Нұрметов өзінің жұбайы Фарахат Нұрметованы Астанадағы колледжді бітірді деген жалған дипломмен жұмысқа қабылдағаны үшін «сөгіс» жазасын алған. Сол кезде облыстық тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі А.Нұрсейітовтың облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде осы жөнінде арнайы хабарламасы жарияланған.  2017 жылдың қазанында аталған мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүрген Б.Нұрметов алдымен директордың міндетін атқарушы болып тағайындалады. Ол «и.о.» болып жүріп-ақ, өзінің жұбайы Ф.Нұрметованы бастауыш сынып мұғалімі етуге қол жеткізген. Сол жылы желтоқсанда Нұрметов конкурстық комиссия шешімінің негізінде Ескі Иқанға директор болып тағайындалады. Оның үстінен арыз жазу 2018 жылы басталғанға ұқсайды.

Құзырлы органдарға жазылған арыз шағымдарда Нұрметовтың жұбайының жалған дипломмен жұмыс істейтіндігі баяндалады. Осы дерек бойынша  Түркістан облыстық білім саласындағы бақылау департаменті тексеру жұмыстарын жүргізеді.  Департамент басшысының міндетін атқарушы М.Абикешеваның арызданушыларға былтыр 28 қарашада берген жауап хатына қарағанда, Ф.Нұрметоваға дипломның берілген-берілмегенін анықтау үшін университетке сұрау салынған. Университет  «ешқандай диплом бермегенбіз» деген жауап берген. Бірақ артынша, Ф.Нұрметова университет мұрағатынан осы оқу орнында оқығаны жөнінде анықтаманы өткізген.  Осыдан кейін департамент бір-біріне қарама қайшы келетін екі анықтаманы университетке жолдайды. Университет Ф.Нұрметоваға дипломның да, мұрағаттан анықтаманың да берілмегенін мәлімдеген. Яғни, дипломнан бөлек  анықтама да қолдан жасалған.  Қазір осы анықталған факті Кентау қалалық полиция бөліміне жолданған.

-Мен Ескі Иқан мектебіне 2012 жылы буфетші болып  жұмысқа кіргенмін. Нұрметов директор болған соң маған жұмыс істетпеді. Ақыры былтыр тамызда кетуге мәжбүр болдым. Орныма басқа адам алды. Осы алты жыл ішінде Нұрметов біраз әрекеттер жасады. Жаңа жылда 45 балаға сыйлық жасайсың деді (оның 41-і тұрмысы төмен отбасының балаларына, қалған төртеуі директордың өзіне дайындалды). Мен өз қаражатыммен сыйлықты дайындадым. Директор сыйлықтың шығынын демеушілер береді деген еді, алайда маған ешкім ақша берген жоқ. Осы алты жыл ішінде Нұрметов («завуч» қызметін атқарып жүрген кезде) асханадан тегін тамақ ішіп жүрді. Мектепке қажетті барлық кеңсе тауарларын да тегін алып тұрды. Ол үшін ешқандай ақша төлеген жоқ. «Жазып қоя салыңыз, беремін» деген, бірақ берген емес. Директор болған күннен бастап маған жұмыс істетпеуге көшті. Білмеймін, мүмкін менің орным керек болған шығар, -дейді Мунавар Мусаева.  

Screenshot_4.png

Ал Тойшы Нусбатовтың айтуынша, былтыр оқу жылы басталған кезде директор  Нұрметов оны сағатсыз қалдырған.  Әртүрлі сылтауларды айтқан. Тек құзырлы органдарға, қалалық білім бөліміне арызданғаннан кейін 15 сағат берген. Бос жүрген 40 күніне ешқандай жалақы, өтемақы алмаған. Қос арызданушының айтуынша, құзырлы органдар жазылған арыздардан кейін  осыншама заңсыздықтарды анықтаған. Бірақ Нұрметов жеңіл-желпі жазалармен қызметінде қалып қойған.

Screenshot_5.png

 Ал, Ескі Иқан мектебінің директоры Бахритдин Нұрметов арызданушылардың артында облыстық мәслихаттың депутаты, өзінің әріптесі Иқан мектебінің директоры Зуппархан Чалданов тұр деп есептейді. 

-Менің жұбайым Түркістандағы педколледжді бітірген. Шымкенттегі университет берген дипломының жалған болып шыққаны  рас. Ол бойынша шара көрілген. Ал енді Мунавар Мусаева менің үстімнен облыстағы барлық құзырлы органдарға арызданған. Осы мектептің асханасында аспаз болып істеген. 20 тамызда кәсіподақ төрағасының, орынбасарларымның көзінше «жұмысыңды жалғастыра бер» дедім. «Есептегішке 10 мың теңге шығынданғанмын» деген соң айтқан 10 мың теңгесін бергенмін. Ол қазір Чалдановтың мектебінде жұмыс істейді. Бәрін ұйымдастырып жүрген сол ағамыз.

-Яғни, Мұсаеваны жұмыстан сіз шығарған жоқсыз, өзі кетті...

-Иә, мектеп асханасының қызметкері бұйрықпен алынбайды, келісім-шартпен жұмыс істейді ғой.

-Ал осының бәрін ұйымдастырып жүрген расында да  Чалданов па? Онымен арада нендей келіспушілік бар?

 -Әрине, Чалданов. Осыдан оншақты жыл бұрын бір жағдайлар болған. Бәрі көреалмаушылық. Өзі пенсияда болса да мектеп директоры. Облыстық мәслихаттың депутаты.

Мұсаева «45 балаға сыйлық істетіп,  12 мың теңгесін бастауыштың завучімен бөлісіп алды» деп жүр. Оны дәлелдей алмайды. Сыйлықты өзі жасап, таратқан, ақшасын біз төлегенбіз. Қаржы қамқоршылық кеңесінен берілген. Хаттамада бәрі бар ғой. Ал асханадан тамақ ішіп, ақшасын төлемеді дегені ұят, жала.

-Жалған дипломға қайта оралсақ. Сонда әйеліңіздің дипломының жалған екенін сіз білмегенсіз бе?  Қалайша?

-Ешкім білмеген ғой. Бақылау департаменті тексеріп білген. Университетте оқыған, ақшасын төлеп тұрған. Тапсырмалар он-лайн арқылы берілген. Әртүрлі алаяқтар бар ғой. Чалдановтың мектебінде де елу шақты мұғалімнің дипломы сондай. 200 мұғалім болса, соның елуінде сондай диплом. Одан да көп болуы мүмкін.

Бахритдин Нұрметов Тойшы Нусбатовқа жыл басында сағат жетпей қалғанын, ол іс бойынша –өзіне  тиісті шаралар көрілгенін мәлім етті.  Қазіргі уақытта жұбайы Ф.Нұрметова бастауыш сыныптың мұғалімі екен. Жоғары білім туралы дипломы жалған болып шыққан соң оның жалақысы енді орта арнаулы диплом бойынша есептеліп жатыр, екіарадағы айырмашылықты қазынаға қайтарады екен. Мақұл дейік, мұғалім заңсыз алған ақшасын мемлекетке қайтарар. Бірақ қаржы қайтарумен бар мәселе шешіле сала ма? Сол бастауыш сыныптың оқушылары уақытында жалған дипломы бар мұғалімнен қаншалықты сапалы білім алды? Олардың енді өткенін, білім алар шағын қайтару Нұрметовтың қолынан келе ме? Жоқ әлде Ескі Иқан мектебінің мұғалімге жалақы беруден басқа мақсаты жоқ па?

 Жоғарыдағы басшылар осындай масқара тірліктің енді қайталанбауы үшін нендей шара көрді? Егер басшылар сол кезде дұрыс шешім қабылдап қатаң талап қойғанда жалған дипломға қатысты дау-дамай, заңсыздық араға 11 жыл салып дәл сол адамның қолымен қайталанбас еді ғой.  Әлде Кентау қалалық білім бөліміне, қалалық прокуратураға, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментіне ескіиқандық балалардың болашағы бір тиын ба? 

 

Бақытжан Әбдірашұлы,

«Рейтинг» газеті №6, 21 ақпан


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер