"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласына орай, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында "Ер қанаты - ат" экспозициялық көрмесі ашылды. Көрмеге қорық-музей қорында сақталған VI-VII ғасырға тән үзеңгі, XIX ғасырға жататын таға мен қаусар және X ғасырдағы ат әбзелдері сынды 30-дан аса жәдігер қойылды.
Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков пен қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Әбдікамал Әшімбеков ашып, қазақ тарихындағы ат өнері, қоғамдағы орны жайлы әңгімеледі.
-«Жылқыны көлік еткен ата-бабаларымыз, ең сенімді серік ретінде аса жоғары қадірлеген. «Ер қанаты - ат» деген халық нақылы да тектен-текке айтылмаған. Мәселен, 1979 жылы Күлтөбеде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде VI-VII ғасырларда көмілген аттың қаңқасы табылды. Жылқы ауыздық мен үзеңгі сынды әбзелдерімен қойылған. Дәл осындай жәдігерлер Ташкент, Самарқан, Алтай өңірлеріндегі бес жерден табылған. Бұл түркілердің жауға да, жолға да сенімді серігін қадір тұтқан қасиетін білдіреді. Табылған үзеңгі тат басқанымен өз қалпын сақтап қалған. Бүгінгі көрмеден тамашалап отырғандарыңыз да сол жәдігер болып табылады»-деді, археолог Марат Тұяқбаев.
Жуырда ғана Елбасы "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі»,-деп атап көрсеткені белгілі.
Осы орайда, көрме экспозициясына қойылған жәдігерлер қатарында, қорық-музейдің реставраторы Еділ Мұташевтың жасаған жылқы макеті де көпшіліктің көңілінен шықты.
-«Макетті жасау ұзақ уақыт алғанымен көп шығынды талап етпейді. Ерттеулі жылқы бейнесін газет, ақ сұр мата, желім сынды материалдарды пайдалану арқылы жасап шықтым»-деді, Еділ Мұташев.
Көрмені Қожа Ясауи кесенесіне келушілер мен Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларынан келген туристер тамашалап, қызығушылықтарын білдірді.
«Ер қанаты - ат» жәдігерлер топтамасы бір ай бойы қонақтар назарына ұсынылмақ.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі