Ұста дүкенi (Ағайынды Құлменовтер туралы толғаныс)

d183d181d182d0b0d0bbd0b0d180-1.jpg

_____________________________________________________________________

Жанарбек ӘШІМЖАН

__________________________________________________________

Еуропа жапырақ жамылып жалаңбұт жүргенде, жусан иiстi ұлы даланың қаһармандары тұлпарларының тiлерсегiне дейiн сауыт кигiзiп, мұздай темiр құрсанғанын әбжiл тарих аракiдiк айтып қалады.

Тас дәуiрi тасқа қатталып, қола дәуiрi темiрге тiзгiн берген сұрапыл кезеңдерде тарих сахнасына ҰСТАЛАР келдi. Сол алтын қолды iсмерлер көшпелiлер шатырының iргесiне темiр қорытатын шағын ошақтарын әкелiп құрды. Ошақ толы – өркениет. «Алтын адамның» басынан бақайшығына дейiн домалап жатқан алтын түймелер сол бiр тұрымтай дәуiрдiң куәсi. Ұядай ғана жерошақтың көрiгiн қыздырған сол ұсталар сайын даланың жал-құйрығы төгiлген тағыларын құрықтап, тұяғына – таға, езуiне – ауыздық салды. Әруақ шақырған жауынгердiң басына – кiреукелi томағап, денесiне – тоғыз қабат торғауыт, қолына – күрзi, бұтына – бүтiлдiрiк, аяғына – саптама етiк кигiздi. Сөйтiп күннiң астын бағындыруды ұстаханадан бастаған АТТЫЛЫЛАР (бәлкiм Атилла) кәрi құрлыққа дала өркениетiнiң алғашқы дәнiн апарып септi. Бiздiң сол бабаларымыздың адамзат өркениетiнiң алғашқы легiне ҮЗЕҢГI, АУЫЗДЫҚ, ТАҒА және ЖАРҒАҚ ШАЛБАРМЕН қалың қол болып кiргенi есiме түсiп кеткенде үзеңгi бауым үзiлiп кете жаздайды! Осы ұлы мәдениеттiң иесi һәм киесi тiрiде – қазы болған, өлгенде – шаһид кеткен ұсталар.  

Тарихта қарашаны қанға бөктiрген, Алашты аңға талатқан билеушi аз ба?.. Тағаның емшегi жанына батқан сол тирандардың ұлы ұсталарды қойша бауыздағанын киiз кiтаптардан оқығанда аза бойың қаза болады. Әрине, Үйсiн өркениетiнен үкiмет үйшiгiне дейiнгi аралықтағы қан-жын аралас аласапыран оқиғалар – ағысы бөлек әңгiме.

Ал бiздiң беталысымыз – керзамандарда жұлыны қолмен жұлынып, өз ошағының отына өзi балқытылған қасиеттi ұстаханалар, ұсталар!

...Осынау алмағайып ойлардың ордасына түсiп қалып, шымы жоқ тас қалада шырматылып жүрген сәттерде Алматының төрiндегi, Қажымұқан көшесiнде орналасқан нөмiрi 75 жерүйдiң ауласындағы ұстахана есiме түседi. Бұл ұста дүкенiнде – дәл қазiр мемлекеттiк деңгейде қолдау көрсетпесе, уақыт өте уыстан сырғып кететiн iрi құндылықтар, ұлы даланың бүтiн бiр өркениетi жатыр. Сол қасиетi бөлек ұстаханада көне дәуiрдiң ұлы өнерiн бүгiнге жеткiзген даңқты ағайынды ұсталар – Құлментегi Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Жетенұлдары, тетiгi бiр түймеге бағынған ХХI ғасырдың «техникалық ноқтасына» бас бермей, күрес жүргiзiп жатқандай әсер қалдырады...

Ағайынды үш ұста – қазақ халқының құпиясы сан қатпар темiршiлiк әлемiндегi аса iрi құндылықтары. Қажет десеңiз, олардың қолынан шыққан әрбiр тарихи жәдiгер арнайы заңмен қорғалу керек.

Бұл ұстахананы ағайынды үшеу сонау 1977 жылы әкелерi Жетен ақсақалдың ақыл-кеңесiмен, батасымен ашқан. Аталары Омар кезiнде Жетiсуға даңқы кеткен, керектi қару түрлерiн өз қолымен соққан ұста адам болған екен. Ал ұсталардың апасы – Ажаркүл әжей ұлттық киiмдердi нақыштауда, кестелеуде, түрлi ою-өрнекке толы түскиiз тiгуде Кеген, Нарынқол өңiрiнде алдына жан салмаған шебер болған. Ұстахананың iргесiндегi шағын мұражайда Ажаркүл апаның жасаған ғажайып өрнектелген түскиiзi әлi iлулi тұр. Iсмердiң қолынан шыққан туынды арада жарты ғасыр өтсе де өң бермеген.

Ағайынды ұсталар айғайламай-ақ, аттандамай-ақ отыз жылдан берi бiр институттың шаруасын бiр өздерi атқарып келедi. Олар тек ұста ғана емес, ғылымның бар саласынан хабардар. Ғылыми жағынан өте сауатты. Темiрдi тану, табу, балқыту, құю, суару, қалыптау, тойтару, мөрлеу, әрлеу, өрнектеу секiлдi нағыз ұстаға ғана тән қасиеттердi ғылыми негiзде жолға қоюға алғашқы бетбұрысты жасаған азаматтар. Ұсталыққа атүстi емес, iшкi мүмкiндiктерiн кешендi, ғылыми һәм рухтық тұрғыдан дайындап келген тума таланттар.

Қажет кезiнде, дауылпаз бен даңғыраны кезек қағып жiберiп рух тiрiлтедi. Ақтамбердiнiң, Махамбеттiң, Шалкиiздiң, Қазтуғанның, Мағжанның, Мұқағалидiң, Олжастың жырларын жатқа оқиды. Сол арқылы әруақ шақырады! Сосын ата-бабамыздан қалған дәстүр бойынша «Менiң қолым емес, Тәңiрiмнiң қолы» деп сыйынып барып, төстiкке бармақтарын тигiзiп, күнделiктi шаруаларын бастайды.

Ағайынды Құлменовтар тек ата-бабаларымыз қолданған қару-жарақ, сауыт-саймандарды жасаумен ғана емес, қазақ халқының қобыз, даңғыра, адырна, қылқобыз, дауылпаз, шiңкiлдек және Алтай өңiрiнiң үлгiсiндегi домбыра секiлдi көне саз асапаптарын, сондай-ақ қолданыстан қалып кеткен адалбақан, кесеқап, кебеже, шара, астау сияқты тұрмыстық қолданыста философиялық астары терең ұлттық бұйымдармен қайта қауышуға мол мүмкiндiк туғызды. Әрбiр аспапты, ыдысты ғылыми негiзiн қалап отырып, жеке-жеке қайта жасап шықты. 

Бiздiң заманымыздан бiрнеше мың жыл бұрынғы сақтардың, үйсiндердiң, қаңлылардың, ғұндардың рухы осы ұстаханада сайрап жатыр.

Сонау 1990 жылдары бүгiнгi мемлекет және қоғам қайраткерi, өнер жанашыры, Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов Құлменовтардың ұста дүкенiне арнайы келiп, темiршiлердiң жұмыстарымен танысып, ризашылығын бiлдiрiп кеткенiнен де хабарымыз бар.

Кейiнгi кездерi бұл темiршiлiк ордасына бiрнеше қаламгерлер ат басын бұрды. Әйгiлi сөз ұсталары – Олжас Сүйлейменовтi, марқұм Қалтай Мұхаметжановтi, Мұрат Әуезовтi, Герольд Бельгердi, Баққожа Мұқаиды, Смағұл Елубаевты, Роллан Сейсенбаевты, Әшiрбек Көпiшевтi, Дүйсенбек Нақыпты, белгiлi тарихшылар – Мәмбет Қойгелдiнi, Әбдеш Төлеубаевты ұстаханаға қайта-қайта тарта беретiн сол ата-баба рухы болса керек.

Көне салт бойынша темiршi ұсталардың бата беру рәсiмi төстiң жанында болады. Алашқа сөз оздырған сол азаматтардың бәрi ағайынды ұсталарға төстiктiң түбiнде баталарын берiп, тiлекшi болып жүргенiн айта кетсек артық болмас. Және ағайынды ұсталар халыққа рух сыйлап жүрген дарабоз қаламгерлерге арнап өз қолдарынан шыққан ғажайып «Алмас қылыш» дейтiн сыйлық тағайындады. Алғашқы қылыш 65 жылдық мерейтойында Олжас Сүлейменовке сыйға тартылды. Мұрат Әуезовке мәдениеттегi қайраткерлiгi үшiн күмiс айбалта табыс етiлдi.

Ағайынды Құлменовтардың ұста дүкенiн шетелдiк ақпарат агенттiктерiнiң тiлшiлерi босатпайды. Ағылшын, немiс, жапон, мажар, араб елдерiнен артынып-тартынып келген сол түсiрушi топтар ұсталар жайлы, жасаған сантүрлi бұйымдары хақында көптеген деректi фильмдер түсiрiп алып кеттi. Мұның бәрi айналып келгенде қазақ мәдениетiнiң, қазақтың темiршiлiк өнерiнiң халықаралық деңгейде насихатталуы. Жалпы шетелдiктер қазақ ұстаханасынан не құпия iздеп жүр?..

Ал бiздiң мәдениетiмiздi басқарып отырған ақжағалылардың әрекетi қарын аштырады. Олар осы уақытқа дейiн үлкен өнердi қал-қадiрiнше жолға қойып, кейiнгi ұрпаққа бауыры бүтiн, басы аман қалпында тапсыру үшiн ұшан-теңiз жұмыс iстеп жатқан ұста дүкенiнiң есiгiн де ашпаған...

Керек десеңiз, сол ұстахана орналасқан жерүй күрелудiң алдында.

Тiптi, кейбiр кербездер ұста дүкенiн кәдiмгi тауар сататын магазин деп ойлайтын көрiнедi...

Ағайынды ұсталардың ауласы иi қанған идеяға толы. Соның ең бастысы – өздерiнiң бойындағы бар темiршiлiк өнердi, отыз жылдан берi жасалған жәдiгерлердi кейiнгi ұрпаққа аманаттау; ұлттық қару-жарақ палатасын қалыптастыру; мұражай ашу. Бұл – ең бiрiншi қолдау мемлекеттiк деңгейде жүзеге асырылған жөн.

Мәмбет Қойгелді, тарихшы:

- Ұсталық – бiздiң жерiмiзде сонау көне заманнан келе жатқан өнер. Қытайда «Iле өркениетi» дейтiн ұлы ұғым бар. Сол ұғымды өз ғылымымызда осы уақытқа дейiн орнықтыра алмай келемiз. Басы Қытайдан бастау алатын ұзындығы мың шақырымға жуық, Балқашқа келiп бiр-ақ тыншитын Iле өзеннiң екi жағалауында сонау көне замандардан берi тамаша мәдениет қалыптасқан. Соның айшықты көрiнiсi – Үйсiн қорғандары. Оны бiз «Сақ қорғандары» деймiз, ал қытайлар «Үйсiн қорғандары» дейдi. Жалпы Мысыр пирамидалары әлемдiк мәдениетте қандай орын алса, бiздiң тарихымызда, Шығыс мәдениетiнде «Үйсiн қорғандарының» рөлi өте орасан. Ал осы қорғандардан табылған ескерткiштердiң бiрi даңқты Есiктен табылған «Алтын адам». Одан өзге Есiктен табылған әшекей бұйымдар, қолөнер туындылары 4000-ға жуық. Бұл – бiздiң эрамызға дейiнгi III-II ғасырлар. Демек сол дәуiрде Iле бойында үлкен ұсталық өнер болғанын көремiз. Ондағы бұйым жасайтын негiзгi шикiзат – алтын болған. Бұйымдардың денi алтыннан жасалатыны тегiн емес. Бiздiң атақонысымызда алтынның өте көп болғанын Геродот та өз жазбаларында айтады. Молдығы сонша, алтынның құймасы ошақ басында домалап жататын көрiнедi. Ал Есiк, Шiлiктi қорғандарынан табылған бұйымдарды қарасаңыз, сол дәуiрде ұсталық өнердiң шексiз дамығанын аңғаруға болады. Ал ағайынды темiр ұсталары – Тұрсынжан, Айтберген, Махмұт Құлментегi сол Iле өркениетiнен берi үзiлмей жалғасып келе жатқан, әлемдiк деңгейде мойындалған ұлы өнердiң бүгiнгi күндегi ғажап көрiнiсi. Үшеуi де соның мұрагерлерi! Ағайынды ұсталар сол ұлы өнердi жаңа заманға бейiмдеп, жаңартуда. Бұл азаматтардың 30 жылдан бергi жасап келе жатқан еңбегi қазақ мәдениетiнiң төрiнен орын алуға тиiс. Мен бұл азаматтардың ұстаханасында жиi болып тұрамын. Барған сайын ұлы мәдениеттiң жинақы көрiнiстерiне куә болып қайтам.

Өкiнiшке қарай, ағайынды ұсталарға қоғамдық, мемлекеттiк деңгейде қолдау көрсете алмай отырмыз. Мәселен, осы ұсталардың атқарып жатқан шаруалары арнайы ұлттық бағдарлама жасауға да тұрады. Және ұсталық дәстүрдi бiлiм беру жүйесiнiң бiр тармағында қарастырған жөн болар едi. Керек десеңiз, ағайынды ұсталардың экономикалық жүйеде де өз орны бар. Өйткенi, темiршiлердiң қолынан шыққан жауһар бұйымдар туризм саласын да айналып өтпейдi. Сосын бұл азаматтарды қолдау бағытында арнайы мемлекеттiк мұражай ашылса – тарихымыздан сыр шертетiн дайын қару-жарақ палатасы болып шығар едi.

 

Герольд Бельгер, жазушы:

– Ағайынды ұсталардың қоғами, мәдени, тарихи еңбегi жайлы сан рет жазылып, айтылды. Ағайынды темiршiлер – қазақтың рухын, ежелгi мәдениетiн дамытуда, сөз жоқ, iрi iстер тындырып келедi. Оны насихаттау, үлкен үйлерге жеткiзу бiздiң борышымыз. Мен ағайынды ұсталармен 2004 жылы, сәуiр айында таныстым. «Горный гиганттағы» ескi жерүйде орналасқан ұстаханаға бардым. Көрдiм. Қайран қалдым! Сұмдық әсерге бөлендiм! Менiң алдымда да ол ұстаханаға нешеме ұлықтар барып қайтыпты. Атқарып жатқан iстерiне рахметiн айтыпты. Сосын бәрi тек тамсанып-тамсанып қайтыпты. Ал бұларға нақты қолдау керек. Мен өзiм – немiспiн, нақты iске көштiм. Үйге келген бойда көлемдi мақала жаздым. «Эпоха» басылымында жарияланды. Ол газеттi бiреу оқиды, бiреу оқымайды. Сосын ел президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жаздым, әлгi мақаланың қиындысын қосып дайындадым. Сол жолы үйге жазушы Қуаныш Жиенбаев келiп қалған, аманатты Қуанышқа тапсырдым. Ол Астанаға барған бетте хатты тiркетiп, тиiстi жерге жеткiзiптi. Арада апта өтпей хат сәтiмен прехзиденттiң қолына түскен.

Ол хаттың мәтiнi мынау болатын: «Жоғары мәртебелi президент мырза! Қадiрлi Нұреке! Сiзге жолдап отырған өтiнiшiмнiң тоқетерiн мақаламда айтқан болдым. Оған қосып-аларым жоқ. Осы кезге дейiн анық түсiнгенiм – халықтың, ұлттың рухын мейлiнше асқақтата көтермейiнше, iс оңға баспақ емес. Мақаламда аты аталған ағайынды үш азамат осы жолда үлкен шаруа тындырып жүргенiне өз басым көз жеткiздiм. Өнерлi, iскер, талантты Құлменовтарды мемлекет деңгейiнде қолдауымыз керек-ақ. Өтiнiшiм осы! «Ұсақ-түйекпен мазамды алды» деп сөкпегейсiз! Ұлттық рухта ұсақ-түйек болмайтынын бiлемiз ғой. Шынайы көңiлден һәм iзетпен әдебиетшi, аудармашы Герольд Бельгер! 2004 жыл, сәуiр».

Хат Нұрекеңнiң қолына түстi. Оқыды. Бұрыштаманы соқты. Сосын министрлiктер, журналистер, өзге де орындар қимылдай бастады. Бiраз шаруа атқарылды. Ұсталар үлкен насихатқа ие болды. Менiң темiршiлерге көрсеткен мақтанарлық бiр еңбегiм осы. Ол үшеуiнде де пәтер жоқ болатын. Көп ұзамай Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкiм болып келдi. «Ең құрығанда осы ағайынды үш темiршiнiң бiреуiне пәтер берсеңiз екен» деген мазмұндағы хатты Иманғалиға жолдадым. Тасмағамбетов өнерге жаны ашитын, түсiнетiн азамат! Хат қолына тиген бойда Имекең үйсiз-күйсiз жүрген үш жiгiтке де пәтердiң кiлтiн бердi. Бұл – менiң екiншi мақтанышым!

Таяуда ағайынды үш ұстаның «Өнер» баспасынан «Темiршi» деген фотоальбомдары шықты. Бұл – қазақ мәдениетiнде бұрын-соңды болмаған үлкен жаңалық, ерен еңбек. Талай альбомдар шығып жатыр ғой, бiрақ дәл осындай ұлы өнердi насихаттайтын энциклопедиялық еңбектi өз басым көрген емеспiн.

Бұл жiгiттердiң проблемасы осымен таусылған жоқ. Iстеген iстерi көп, мұны бiрiншi халық бiлу керек. Демек ағайынды ұсталарға мемлекет тарапынан қолдау көрсете отырып, арнайы ұстахана соғып беру керек. Азаматтар сол ұстаханада кейiнгi ұрпаққа темiршiлiк өнердi үйрететiн арнайы мектеп қалыптастырар едi. Ешкiм мәңгiлiк емес, бәрi кетедi. Әңгiменiң ашығына келсек, ағайынды ұсталар кеткен күнi ұлы өнердiң игерiлмей қалу қаупi тұр. Сондықтан шәкiрттер дайындайтын кешендi темiршiлiк ұстахананың iргесi қаланып, талантты шәкiрттердiң басын бiрiктiрсе ғанибет болар едi...

 

Әбдеш Төлеубаев, археолог:

– Өкениеттiң басы – металлургияда. 1970-80 жылдарға дейiн «көне металлургияның орталығы Еуразия даласы, Ирак, Иран жерi, Қапқаз маңы, Орал тауының етегi» деп келген болатын. Ал қазiргi кезде бұдан 5500 жыл бұрын, сонау қола дәуiрiнде Қазақстан жерi көне металлургияның орталығы болғанын дәлелденiп отыр. Сондай-ақ, Қазақстан жерi тек көне металлургияның ғана емес, көне өнердiң де орталығы екенiн анық. Орталық Қазақстан, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жетiсуда сонау қола дәуiрiнде көне өнердiң түтiнi түзу шыққанын ұлы ғалым Әлкей Марғұлан тамаша етiп жазып қалдырды. Кейiнiрек Кемал Ақышев ағамыздың Есiктегi «Алтын адамды» табуы – дүниежүзiлiк өркениеттi бағалаудың жаңаша көзқарасын алып келдi. Сол арқылы қазақ жерi асыл металдардан түйiн түйген ұсталық өнердiң де орталығы болғаны ерiксiз мойындалды. Бүгiнге дейiн қазақ топырағынан үш «Алтын адам» – Есiктегi, Аралтөбедегi және Тарбағатайдың баурайындағы Шiлiктiден табылды. Соңғысы, тiптi, бiздiң заманымызға дейiнгi ҮIII ғасырда Иранмен ешқандай да байланыс орнамай тұрған кездегi өнер туындысы. Демек осының бәрi – Сақтардың туындысы. Мен осы мәселелер жөнiнде, әсiресе, Айтберген Құлментегiмен көп пiкiр бөлiсемiн.

Жалпы Тұрсынжан, Айтберген және Махмұт Құлментегi – ұлттық мәдениетiмiздегi қасиет дарыған iрi ұста-қайраткерлер. Олардың өнер туындыларын жасаудағы, көне қару-жарақтарды қайта қалпына келтурiдегi технологияларын өз ауыздарынан жазып алып, тарихи дерек ретiнде тiркеп, кейiнгi ұрпаққа үйретудiң қамын жасау қажет. Өйткенi сыртқы зерттеушiден гөрi, қолымен жасаған ұста өнер туындысының барлық қыр-сырын ашып бере алады.

Ұсталық – үлкен қасиет. Бұрын ата-бабамыз ұста дүкенiне тәу етiп баратын. Ағайынды темiршiлер ұста дүкенi сонау тәңiрмен, ғарышпен, бақсылықпен байланысты екенiн анық сезiнедi. Осы ұсталықты, оның маңайындағы дүниелердi зерттеу арқылы қазақ мәдениетiнiң сан қырын ашуға болады.

 

Әшiрбек Көпiшев, өнер зерттеушi:

– «Ұста» деген ұғымның ауқымы кең. Бiр ұғым – алтын, күмiс, темiрдiң сыңғыры естiлiп тұратын темiр ұсталығына келiп тiресе, көне қойнауында халықтың рухын осы ғасырға жеткiзген сөз ұстасы дейтiн патшалық тұр. Одан әрiге кетсек, Асан-Қайғыға дейiнгi абыздардың үн ұстасы тұр. Бұдан бөлек көне дәуiрдегi Күлтегiн, Тоныкөк рухы түрлi кезеңдерде шайқалып келiп, Бауыржан Момышұлынан тұрақ тапқан батырлық ұстасы тұр. Одан тереңдей түссек, жетi атасыз қыз алыспайтын генетикалық тегi терең, бiрде-бiр түрмесi, соты болмаған рух ұстасы бар. Осы ұсталықты бiз тұтас қарауымыз керек. Осы кезге дейiн белгiлi деңгейде «қарағай басын шалып жүрген» «шортандарға» жем болмай келсек, сол сан-салалы ұсталықтың жемiсi. Сол сұрапыл темiршi ұсталығының аса көрнектi өкiлдерi – ағайынды Жетенұлы Тұрсынжан, Айтберген, Махмұт Құлменовтар. Бабасы – Омар да үлкен ұста болған. Бұл азаматтар туралы газет-журналдарда 1987 жылдан берi жазылып келедi. Сосын рухты, намысты қамшылайтын тұста, «Өнер» баспасы, «бiз неге iрi нәрселердi әлемдiк дәрежеде көрсете алмаймыз?» деген сауалға тiрелдiк. Бұл сауалға жауап iздеуге менi Франкфурттағы, Токиодағы, Лондондағы, Пекиндегi кiтап көрмелерi ерiксiз итермеледi. Ешкiмнiң аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Сосын ағайынды ұсталар жайлы жобамды дайындап, мемлекеттiк тапсырыстар тағдыры шешiлетiн «темiршiлiк» дейтiн ұғымнан аулақ жатқан кеңселерге жол тарттым. Жобаны дәлелдеуге тура келдi. Кей тұста «соғыстық» та. «Өзге кiтап шықпай қалса да, халықтың рухын оятатын осы кiтапты шығарамын» деп бекiдiм. Ақыры мәселе шешiлдi. «Кiтаптың барлық безендiрiлуiн өзiмiз жасаймыз» деп бұлар да бекiп алды. Белгiлi ғалым Аманқос Мектептегiне өздерi тапсырыс берiп, кiтап сыртындағы «Темiршi» дегендi Орхон жазуымен бәдiздеп жазғызды. Бұл ұсталардың да мiнезi оңай емес екен. Менi кәдiмгi қызған темiрдей етiп алты-жетi рет төстiкке салып жiбердi. Бұл азаматтардың қайтпас қайсар, батыр және өте сауатты жiгiттер екенiн сонда нақ сезiндiм. Рас, кей сәтте суарылған темiрдей қайтатын кездерi де бар. Бұл кiтапты шығару жолында бiз осындай үлкен процестен өттiк. Ақыры осындай ғажап кiтап дүниеге келдi. Осы кiтап шыққан бетте Германияда үлкен көрмеге қатысты. Сонда шетелдiктер «бұл әлi игерiлмеген тың әлем ғой, мына кiтап неге ағылшынша, французша, немiсше, хансуша немесе кирилицамен жарық көремеген?» деген сауалдың астында қалдық. Мiне, ұлы даланың цивилизациясының құдiретi!

Бiздiң заманымыздан бұрынғы ҮII ғасырдың орта тұсында Ассирия патшасы Ашшурбанипалдың, Ү ғасырдың басындағы Парсының I-Дарий патшасының, Ү ғасырдың соңын ала даңқты Геродоттың жазбаларында мынадай сұрапыл жолдар бар: «Шығыста Тәңiртаулар, Көк таулар бар. Сол Көк таудың екi қапталында бiзге қауiп төндiретiн жауынгер һәм өнерлi халық бар. Бұл халықтардың қолынан келмейтiнi жоқ және шапқыншылықпен бүкiл жердi алуы мүмкiн!».

Шығысы – Тынық мұхитындағы Сары теңiздi тiреген, батысы – Дунайдың қақ жүрегiне дейiнгi кеңiстiктi алып жатқан ұлы өркениет бүтiн Еуропаның тiзесiн дiрiлдеткен болса, сол өркениеттiң басты қаһармандары – ұсталар. Ағайынды үшеу сол ұлы ұсталық мәдениеттiң бүгiнгi мұрагерлерi. Сондықтан бұларға Алатау баурайынан ауқымды жер берiп, үлкен ұстахана салу керек. Сол жерде әлемдiк деңгейге жауап беретiн темiршi ұсталығының технологиясын дамытуға, талантты шәкiрттер дайындауға жол ашу керек.

 

Қазақ елiнiң төрт құбыласын аралап, ескiнi бiлетiн кәрi құлақ қариялардан сұрап, жазып алып, ұсталық өнерге қатысты көне мағлұматтарды ағайынды Құлменовтар өз iс-тәжiрибесiнде пайдаланған. Ежелгi ата дәстүрiмiзге сай баталарын алған сол дана қарттардың аты-жөндерiн бергендi жөн көрдiк.

1. Сәрсенбек ата – Кеген ауданы, Жалаңаш қыстағында 1917 туған.

а) темiршi-ұста, темiрдi суғаруда жоғары деңгейге жеткен

ә) атбегi, саятшы, ағаш шеберi.

2. Бекен Еңгебайұлы – Кеген ауылында 1918 жылы туған, жетi атасынан тек қуалаған темiршi-ұста. Зергер, ағаш шеберi, күйшi.

3. Нағашы атамыз Шоқпарұлы Бәзiл – Қулықтаудың Жылысай қыстағында 1903 жылы туған. Қазақтың ыдыс-аяқ бұйымдарын жасайтын асқан ағаш шеберi.

4. Әубәкiрұлы Қожан ата – Кеген ауданы, Жылысай ауылында 1905 жылы туған. Балуан, ат үстiндегi аударыспақ, ойынының сайыскерi, көкпаршы, аңыз әңгiмелер мен жыр дастандардың және барымтада қолданылған қару түрлерiнiң бiлгiрi.

5. Абиырұлы Әлихан ата – Шарын өзенiнiң бойындағы Сарытоғай қыстағында 1922 жылы туған. Темiршi-ұста, мылтық жасаудың шеберi,  шежiрешi.

6. Бескемпiр ата – Қарқара қыстағында 1907 жылы туған. Қазақтың қару-жарақ түрлерiнен хабары мол адам.

7. Сағатбай ата – Шелектiң Жаңатұрмыс ауылында 1912 жылы туған. Қазақтың салт-дәстүрiн, ұлттық ойындарын және аңыз әңгiмелерiн көп бiлетiн қария.

8. Мәкiлқожа Иманәлiұлы Құланбайтегi – 1916 жылы туған, өнерден хабары мол адам. Саз-аспаптары және қару-жарақ түрлерiнiң қалай аталуы, жасалуы жөнiнде құнды деректер бердi.

9. Қожақов Әбдiраманұлы Нәжiмеддин – Жиделi-Байсын аймағының Құлқұдық ұқыстағында 1904 жылы туған.

Темiршi-ұста, пышақ, кездiк суғарудың жетiк бiлгiрi, алтын-күмiспен зергерлiк бұйымдар жасаған.

10. Әшiмхан Төлепбердiұлы – Алтай аймағы Қызылкүңгей қыстағы Қатынқарағай ауылында 1913 жылы туған.

а) аңшы, мерген, тас қалаушы шебер.

ә) домбыра, сыбызғы, тұрмыстық бұйымдар жасайтын ағаш шеберi. Сонымен қатар осы аспаптарда ойнай да бiледi.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер