Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында 2019 жылдың қаңтар-сәуір айында Түркістан қаласында 3197,4 млн. теңгенiң өнімі өндіріліп, 2018 жылмен салыстырғанда өсім 102,2 % құрап отыр. Мамандардың мәліметінше өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 2105,8 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 103,3-ті, электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 817,2 миллион теңгенi құрап, өсім 121,2 пайызға жеткен. Ал сумен жабдықтау 135,8 млн. теңгенi құрап, өсім 94,5 пайызды құраған.
Өнеркәсіпті дамытып отырған кәсіпорынның бірі тамшылатып суғарудың полиэтилен құбырларын шығаратын «Түркістан» СДО-да 56 жұмыс орны бар. Шағын және ауқымды тігін цехы, кірпіш, корпустық жиһаз, жұмсақ жиһаз шығаратын өнеркәсіптерінің жұмысы жүйелі жолға қойылған. Бұл аумақ қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Жылына 250 мың тонна асфальт бетон өндірісі бойынша «Азия Агро»ЖШС, жылына 92,0 мың тонна темір бетон бұйымдары өндірісі бойынша «МАКС БЕТОН» ЖШС кәсіпорнының жұмыстары жүзеге асуда. Қысқасы, мұндағы темір-бетон бұйымдары, газ бетоны және асфальт өнімін шығаратын зауыттардың да жұмысы нәтижелі.
Одан бөлек, «Түркістан» ӘКК» АҚ басқаруындағы сауда логистика орталығындағы жұмыс жанданып келеді. Мұнда инвестициялық жобаларды тарту үшін жер телімі берілуде. Яғни, гранттық қаржыландыру бойынша 1 жоба жоспарланған. Нәтижесінде ағаш, эпоксидті шайыр және тот баспайтын болаттан жасалған композиттік өнімдерді өндіру жоспарланып отыр.