Ауыл шаруашылғы министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығын дамытуға кооперативтер арқылы беріліп келген субсидиялар тоқтайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттіктің хабарлауынша, үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа бұл салаға бөлінетін субсидиялардың тиімділігі туралы сұрақ қойылған. Ауылшаруашылығы министрінің айтуынша, мал шаруашылығы саласына беріліп жатқан субсидия қылмыстық істерден көз ашпай жатыр. "Бұл жүйе жылдан-жылға өсіп жатыр. Жылына 450 млрд теңге субсидия бөлінеді. Қосымша нақтылау болса, 500-600 млрд теңгеге барады. Сондықтан, әрине жүйені біз түзеп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей, неше түрлі қылмыстық істер ашылып жатыр. Оны жалғыз антикор емес, өзіміз де сол жаққа беріп жатырмыз. Өйткені субсидия автоматты түрде таратылады. Оның ішінде неше түрлі жағдайлар болады", - деді ведомство басшысы. Сондай-ақ ол кооператив арқылы субсидия тартудың салдарынан ауылдағы халықтың малына қолдау жетпей қалғанын айтты. "Кооператив жағында кейбір субсидия бар. Атышулы, неше түрлі атақты істер шығып жатыр. Ауылдың малдарын қосып, субсидия қаражаты жетпеген жағдайлары бар. Мал шаруашылығымен айналысатындар бойынша қазір субсидиядан кету бағытында жұмыс тобын аштық. Ауыстыруға дайындап жатырмыз. Дайын етті ет комбинатына өткізу бойынша субсидияға ауысады. Оларды қолдау үшін жеңілдетілген 5 пайыздық несие беріледі. Осыған қағаз-құжаттарды дайындап, енгізбекпіз. Мұны бақылауға алып, ұстамасақ болмайды", - деді Айдарбек Сапаров.