Алдағы жексенбіде, яғни 21 сәуірде Украина халқы кем дегенде бес жылға ел болашағын сеніп тапсыратын тұлғаға таңдау жасайды. Еске сала кетейік, сайлаудың бірінші кезеңінде Зеленский Порошенкодан 15 пайызға көбірек дауыс жинаған болатын. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі екінші кезеңде де оның қарсыласынан артық дауыс жинауы мүмкін екенін көрсеткен.
Украинадағы президент сайлауының бірінші кезеңінен өткен қос үміткер бұған дейін пікірсайыс өткізуге келіскен, бірақ екеуі екі түрлі мерзімді атады - Порошенко – 14 сәуір, Зеленский – 19 сәуір. Киевтегі Олимпиада стадионы пікірсайысты 14 сәуір және 19 сәуірде өткізу туралы өтініш түскенін растаған. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Украина президенті Петр Порошенко қарсыласы Владимир Зеленскийдің пікірсайысты кейінірек өткізу туралы ұсынысына қарамастан 14 сәуірде түстен кейін Киевтегі Олимпиада стадионына барған. Саясаткердің жанында әйелі және балалары болыпты. Ол стадиондағы мінберге шығып, “пікірсайыс өткізетін жерді мен ұсынған жоқпын” деп Зеленскийді күндізгі сағат үшке дейін күтетінін айтқан. “Мені көріп отырғаныңды білемін” деп Зеленскийге қарата сөйлеген Порошенко кейінірек стадиондағы залда ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді. Әрине, бұл күні Зеленский стадионға бармады. Сарапшылардың пікірінше, пікірсайыс – қазіргі президент Порошенконың сайлауалды бәйгедегі соңғы мүмкіндігі. Қазіргі мәртебесін сақтап қалу Зеленскийге тиімді. Ал Порошенко жеңіске жетуге тым болмаса теориялық мүмкіндік алу үшін шұғыл шаралар қолдану керек. Пікірсайыс көшбасшыға емес, екінші орындағыға тиімді. – Сондықтан В.Зеленскийдің кеңесшілері оған пікірсайысқа бармауға кеңес берген, өйткені ол барған жағдайда екінші турда 99,99 пайыз ықтималдықпен жеңіске жетеді. 2014 жылы Петр Порошенко президенттік доданың көшбасшысы ретінде осылай жасаған, Юлия Тимошенкомен пікірсайысқа бармауы бірінші турда сайлануға мүмкіндік берді. Дегенмен, В.Зеленский нағыз шоумен ретінде «ұтысты көбейту» стратегиясын таңдап шақыруды қабылдады, – дейді әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы Жақсылық Сәбитов. Екі үміткердің кездесер күнді келісе алмауында да мән бар. Порошенкоға 14-інен кейінгі бес күн қарсыласының «пікірсайыстық қателігі» негізінде ақпараттық шабуыл жасауына мүмкіндік берсе, В.Зеленский пікірсайыспен додаға нүкте қойғысы келеді. Дегенмен, пікірсайыс нәтижесі бойынша сайлаудағы жеңіс жөнінде қорытынды жасауға болмайтынын айтқан сарапшы Украинада 2004 жылы өткен сайлауды еске салады. Ол кезде пікірсайыста Виктор Янукович ұтса, сайлауда Виктор Ющенко жеңіске жеткен болатын.
"Рейтинг" газеті