Түркістан облысында қолының сұғанағы бар жігіт ұсталды. Ол бір емес, бірнеше қылмысқа қатысы бар болып шықты, деп жазады облысытық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков өзінің фейсбуктегі парақшасында.
Түлкібас ауданының полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде жергілікті тұрғынның “Мазда-626” маркалы автокөлігінің ашық тұрғанын пайдаланып, спорттық киімдерін ұрлаған күдіктіні ұстады.
Жәбірленушіге келтірілген шығын 40 мың теңгені құрады. Аталған факт бойынша тергеу амалдарын өткізу кезінде жас жігіттің басқа да ұрлықтарға қатысы бар екені анықталды. Сол күні ұры басқа жәбірленушіге тиесілі “Мерседес” көлігін ашып, 3 мың теңге мен құжаттарын ұрлап кеткен.
Бұдан басқа саябақ аумағынан құрылыс материалдарын ұрлап, жәбірленушілерге жарты миллион теңгеге жуық шығын келтірген. Ұрланған заттардың бір бөлігі заттай айғақ ретінде тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері ұсталған адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.