Аружан Яхуда: «Қазір кітап оқу – тренд, білім алу – бренд»
Бүгінгі қаламгер буынның әдебиетке деген көзқарасы, мазмұн дарытып, әсер сыйлауы, тіпті, оны оқырманның жүрегіне жеткізу жолдары да заман талабына сай өзгеше реңкке еніп келеді.
Мәселен, бүгінгі ақын-жазушылар жазумен ғана шектелмей, заманауи коммуникация құралдарын да тиімді пайдаланады. Тіпті, әдебиетке әуселесі болмай жүрген қоғамды, әлеуметтік желілер арқылы кітап оқуға бағытталған жобалардың да неше атасы жасалып келеді. Біз осы тақырып аясында ақын, әрі СММ маманы Аружан Яхудамен сұқбат құрған едік.
Аружан – қонышыңнан келер қатыгездіктердің ортасында жүріп-ақ, иненің жасуындай ізгілік іздеп жүретін ақын. Оны жазған өлеңдері мен жасаған дүниелері айтып тұрады. Өзінің айтуынша, шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына Шымкенттегі «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі едәуір әсер еткен. Биыл Арудың «Махаббат – ол...» деп аталатын алғашқы кітабы жарық көрген болатын. Аталған кітапта ақынның өлеңдері, тармақтары және қысқаша пайымдары жазылған. Одан бөлек кей өлеңдерінің астына қойылған кюар код арқылы өлеңді Арудың өз оқуында тыңдауға болады. Мұның өзі бүгінгі әдеби процесстің дамып келе жатқанына бір дәлел. Айта кетейік, Аружан бүгінде «Фолиант» баспасының СММ маманы. Сол үшін де шығармашылық адамдарына маркетинг, яғни әлеуметтік желі арқылы аудитория жинау қаншалықты қажет, кітаптың маркетингі қалай жүріп жатыр деген сияқты сауалдарымызға да жауап алдық...
– Аружан, әңгімені өзіңнің өлеңге, жалпы әдебиет әлеміне қалай келгеніңнен бастасақ...
– Мен де өзге қаламгерлер сынды бала күннен әдебиетке жақын боп, сөздің майын тамызып жұртты аузына қарата сөйлейтін кісілердің әңгімесіне құмартып, тыңдап өстім. Ақылым жеткен тұстарын жаттап та алатынмын. Сонымды байқаған мұғалімдерім де баланың белі бекіп, қанаты қатаятын байқау, мүшайралардан қалдырған емес. Ал жалпы айтсам, анам да, әкем де шығармашылықтан құр алақан емес. Анам мектеп қабырғасында оқып жүргенде өлең жазған екен. Ал, әкем музыканың адамы. Ән айтып отырып, сөзі есіне түспей қалған сәтте, өзі шығарып айта береді. Бала кезден шығармашылыққа тоя өсуімнің себебі сонда болар.
Бірақ өмірді өзен десек, ағысы адамды түрлі арнаға апаратыны рас екен. Түрлі себептермен біраз жылдар бойы өлеңге де, кітапқа да жоламадым. Алайда көкірек сайрап тұратын. Шығармашылықтағы осы мүлгіген тыныштығымды Шымкентте Қаратау дәстүрлі өнер мектебі ашылып, мені де ашты ғой. Осында түрлі үйірмелеріне қатыса жүріп, мүшайраларда төбе көрсете жүріп өлеңге қайта қош келдім.
– Биылғы жыл сен үшін құтты жыл болған сияқты. Шымкенттен Елордаға қоныс аудардың, алғашқы өлең кітабың жарыққа шықты. Жалпы оңтүстіктен Астанаға көшуіңе не түрткі болғаны жайлы, жыр жинағың туралы кеңінен айтып өтші. Неше таралыммен, қандай баспадан, кімнің демеушілігімен шықты?
– Иә, биылғы жылды өзім де құтты жыл деп есептеймін. Астанаға көшу – әлденені себеп етпесе орындалмайтындай көрінетін арман еді. Нақты бір дүние түрткі болды дей алмаймын. Жаңа орта көріп, өзімнің неше жылғы арманымды орындағым келді. Ал, жыр жинақ – сұқбат алған сайын қоя беретін сұраққа жауап десем қателеспеймін. Өйткені, өзімді толық бір бүтін жинақ шығара алатындай қауқарлы, қаламына қасиет қонған ақынға әзірге жатқыза алмаймын. Соған қарамастан, бүгін де әжептәуір іздеп оқитын оқырманы бар кітапқа айналып отыр. Сондайда іштей риза боп қалатыным бар. Демеушіге келсек, кітаптың жебеушісі де, демеушісі де – өзім және оқырмандарым. Оқырмандарыма, оқырманы бар адам еткен Құдайға шүкір!
– Жаңылмасам бүгінде «Фолиант» баспа үйінің СММ маманысың. Осы таргет, СММ, мобилография десе бірнеше жыл бұрын үрке қарайтын едік. Бүгінде заман талап ететін басты салалардың біріне айналды. Өзің аталған салаға қалай келдің? Өмірлік дағдыларың мен шығармашылық даму процесіне айтарлықтай әсер ете ме?
– Өлеңге, әдебиетке қайта бағыттаған «Қаратауға» рақмет айта жүрем ғой. Дәл осы заманауи мамандыққа да қадам басуға әсер еткен – Қаратау. Сол үшін тағы да «Қаратауға» рақмет! Сонда шешендік өнер деген үйірмеден Гұлнұр деген ұстазым сабақ беретін. Сол кісінің парақшасын ең алғаш қызығушылықпен жүргізе жүріп бастап кеткенмін. Шынымды айтсам, қоғамға бейімделе білу де – өнер. Кезінде Абай да өзге халықтардан үйрене жүріп, қазақ даласына біршама жаңалықтар ала келген ғой. Дәл солай жаңа бір дүние шықса, оны зерттеп қарап, жақсы тұсын үйреніп, жаманынан жиренудің еш әбестігі жоқ. Менің шығармашылығыма да тигізген оң әсері ұшан-теңіз. Оқырмандар да әлеуметтік желі арқылы танып, кітап таныстырылымына да тағы да сол желі арқылы келді. Желі болған соң онда түрлі адам бар. Түрлі адамның түрлі пікірі бар. Сын да болады, шын да болады, мақтау да, даттау да болады. Біріне қарап түзеліп, біріне қарап түзеп, өзіңді де, өзгені де тануға әсер ететіні сөзсіз.
– Кітап туралы сөз қозғалған жерде, үлкен буынның «Жастар кітап оқымайды» деп кейитіні бар ғой. Сен бүгінгі қызмет етіп жүрген баспа үйінен бөлек, кітап дүкендерінде де жұмыс істедің ғой. Қалай ойлайсың, кітап оқу қазір трендте ме?
– Соңғы кезде маған осылай дейтін үлкендер жас кезінде кітап оқымаған-ау ой келетін болыпты. Олай дейтінім: кезінде оқыған үлкендердің балалары да оқыған жан болар еді. Олай болса, немерелері де жақын болып, мұндай пікір қалыптастырмас еді. Білім, өнер, шығармашылық деген ұрпақтар сабақтастығы болатын алып бәйтерек қой өзі. Менің маңайымда неткен керемет кітапсүйгіштер бар. Кітап дүкенінде жүргенімде де бірнеше оқырмандар клубымыз болатын. Қазір «Фолиант» баспасындамын. Бізбен серіктес қаншама кітапклубтар бар. Құрамындағы білімпаз, ізденімпаз жастардың саны өте көп. Бір таңдай қағатыны: олар тек кітап оқумен ғана шектелмей, жалпы дамуды қолға алған. Тіл дейсіз бе, заманауи мамандықтар, қайырымдылық іс-шаралары, театрға бару дәстүрі, денсаулық, саяхат, айта берсек жақ талады. Қазір кітап оқу – тренд, білім алу – бренд боп келеді. Сондықтан, ондай пікір қалыптастырған үлкендердің кезінде білімпаз болғандығына менің күманым басымырақ.
– Соңғы жылдары шығармашылық адамдарының жалқаулығы жайлы, жазған дүниесін оқырманға таратуға салғырт қарайтыны жайлы сөздер қозғалып жүр. Сен бұған не дейсің? Жалпы шығармашылық адамына аудитория жинау қаншалықты маңызды?
– Аудиториясы кең болғаны, әрине, жақсы. Бірақ, жалпы шығармашылық адамдары жалқау деп есептеу қаншалықты дұрыс болады екен?! Меніңше, әркімнің өз субьективті пікірі бар. Соған сай, әркімнің өз жылдамдығы бар. Жылдамдығына сай әрекеттенуде. Біреудің шығармашылыққа ерте келуі – жеңіс, бірінің кеш келуі – күнә емес. Әркімнің өз жолы бар. Қай кезеңде де қолтаңба яғни өзіндік жолы мен принциптеріне адалдық танытқан адам – биік. Оқырманға таратуға келсек, ол жаңа айтқанымыздай, қоғамға бейімделу – өнер. Заман күн сайын дамуда. Заманына қарай адамы болуға тиіс. Бұрын туындылар оқырманға басқаша жетті, қазір басқаша. Қазір осы заманның әдістерін де меңгерген дұрыс. Егер Абай қазір өмір сүрсе, подкаст түсіру деген секілді заманның талабына сай әрекеттнер еді деп ойлаймын.
– «Қоғамда өмір сүре отырып, қоғамнан тысқары бола алмайсың» деген сөз бар ғой. Оның үстіне шығармашылық адамысың. Бүгінде көңіліңе кірбің салып, жаныңды ауыртып жүрген, қоғамдық оқиғалар туралы айтып, шешілсең болады.
– Қоғамда жанды ауыртатын оқиғалардың саны күн сайын артпаса кемімеуде. Өзімнің жаным тым нәзік. Сондықтан жаңалық оқудан, тыңдаудан бас тартқаныма біраз жыл болды. Соған қарамастан, адам шошырлық жаңалықтар мені де айналып өтпейді. Оның барлығы техника дамыған заман болғанымен, адамның жанына керек азықтың дұрыс жеткізілмеуінен болып жатқан сыңайлы. Қазіргі қоғамда жаңалық оқып, жанымды ауыртпай ұстап қалу да – қиын. Мүлде жүрегім былқ етпейді деу де қиын. Қорқу керек дүниеден қорықпау – қорқынышты дейді ғой. Әрбіріне тоқталып отыра алмайды екенмін. Тек мейірімді болайық дегім келеді.
– Биылғы жыл қорытындыланып келеді. Жылдың басы мен соңында өзіңе есеп беріп, жоспар құрасың ба? Ендігі жылға қандай жоспарларың бар?
– Иә, мен жыл сайын ғана емес ай сайын, (кейде апта сайын) өзіне есеп беретіндердің санатындамын. Жаңа жылға құрар жоспарлар көп. Сол жоспарлардың орындалуына Құдайдан қуат сұраймын. Дәл шығармашылықтағы жоспарға келсек, поэзия кештерін жиі өткізсем бе деген ой бар.
– Риясыз әңгімеңе рақмет, Аружан!
Әңгімелескен Сезім Мергенбай