Қаратау ауданы, Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан «Қасқасу» шаруа қожалығы 1200 бас бұқа бордақылауда. Шаруашылықтың тарихы 2017 жылдан басталады. Бастапқыда 600 басқа арнап қора салып, жұмысын бастаған шаруа қожалығы 2020 жылы оған қосымша 700 бас бұқа байлауға болатын қора салып, кеңейтеді. Өткен жылы 1180 бас бұқа бордақылап, 330 тонна ет өндірген. Ағымдағы жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында 2 әлеуметтік дүкен ашып, өнімдерін тікелей халыққа жеткізуді қолға алды. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы мәслихатының бір топ депутаты жүргізген мониторингте белгілі болды.
Шаруа қожалығы қазіргі уақытта 600 басқа арналған асыл тұқымды сүтті бағыттағы тауарлы сүт фермасын құруды жоспарлауда. Құрылыс биыл басталып, 2022 жылдың І тоқсанында іске қосылады. Инвестициялық салым – 2,2 млрд теңге. Себебі асыл тұқымды ірі қараның аналық бастары Еуропадан әкелінеді. Ал ферма толығымен шетелдік «ДеЛаваль» компаниясының заманауи озық технологиясымен құрылады.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айында кәсіпкермен бірге ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандары көрші Өзбекстан еліне іссапармен барып келген болатын. Ондағы мақсат - сол мемлекеттегі "ДеЛаваль" компаниясы технологиясымен құрылған сүтті тауарлы фермалардың жұмысымен танысу және арнайы келісімшарт жасау. Компания мамандарынан консультациялық кеңестер алынған соң келісімшарт түзіліп, жұмыс басталып кетті.