Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов республикалық БАҚ-қа берген сұхбатында үшінші мегаполисте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы жоғары деңгейде атқарылып жатқанын баяндады.
- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев саясатының сабақтастығын сақтауға баса назар аударып отыр. Осы орайда партия Президент жоспарларын жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысады. Соның нақты көрінісі ретінде партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын атап көрсетуге болады.
Сайлауалды бағдарламаны уақытылы әрі толық орындау мақсатында Шымкентте 10 басымдық пен 149 нақты іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленді. Біз басым бағыттардың қатарына өзіміздің өңірге тән тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамыту, экономикалық әлеуетті жақсарту, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау, шалғайдағы елді мекендерді көркейту, экологиялық ахуалды жақсарту, жол және көлік құрылымы, қоғамдық қауіпсіздік, жастарды қолдау және қаланы цифрландыруды енгіздік. Осынау жұмыстарды іске асыруға 5 жылда 1,3 триллион теңге жұмсалады деп жоспарланған. Жол картасындағы индикаторлардың орындалуын бақылауға партияның қалалық мәслихаттағы фракциясының барлық мүшелері жауапты етіп бекітілді. Сондай-ақ Елбасы қаулысына сәйкес, партия филиалының жанынан 11 аймақтық қоғамдық кеңес құрылды. Бүгінде бұл кеңестер өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Нәтижесінде, «Nur Otan» партиясы сайлаушыларға жыл басындағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауының алдында берген уәделерін кезең-кезеңімен әрі сапалы орындай бастады. Мәселен, сайлауалды бағдарламадағы «Экономикалық әлеуетті жақсарту» бағыты бойынша, бүгінде қала аумағында ауданы 743 гектарды құрайтын 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұрғанын айтуға болады. Осы аймақта 267 млрд теңгеге 187 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 12 мың тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қазір аталған индустриалды аймақтар зауыт-фабрикаларға толған. Онда жаңа кәсіпорындар салатын бос жер жоқ. Сондықтан қалада жаңадан 4 индустриалдық аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізілуде, - деді қала басшысы.