
Бүгінде «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып, экотуризмді дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Олар туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс орындарын ашып, қызмет көрсету сапасын жақсартып келеді. Дегенмен, кәсіпкерлер өңір туризмінің қарқынды дамуы үшін жол, электр қуаты және байланыс желісі секілді инфрақұрылым мәселелерін шешу маңызды екенін айтады.
Олардың пікірінше, аталған мәселелер толық шешімін тапса, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі Түркістан облысының ғана емес, еліміздің жетекші экотуризм орталықтарының біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.
Жергілікті кәсіпкер Таймас Тұрсынбаевтың айтуынша, бүгінде олар ұлттық парк аумағынан ұзақ мерзімге жер алып, теңіз деңгейінен шамамен 2 мың метр биіктікте орналасқан туристік нысанды дамытып келеді.
«Қазір демалыс орнымызға еліміздің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Сондықтан ең алдымен ішкі туризмді дамытуға және қажетті инфрақұрылымды жетілдіруге басымдық беру қажет. Әсіресе, таулы аймақта медициналық пункт пен төтенше жағдайлар қызметінің тұрақты бекетін ашу маңызды. Бұл туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кез келген төтенше жағдайда жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар Таймас Тұрсынбаев ауданда туризмді әртараптандыруға бағытталған тағы бір инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Жоба аясында балық шаруашылығын туризммен ұштастырған демалыс орны салынып, Дубайдағы үлгіге ұқсас су бетіне орналастырылатын экологиялық үйлер бой көтермек. Бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, келушілерге табиғат аясындағы ерекше демалыс форматын ұсынуға мүмкіндік береді.
