
Төлеби ауданына қарасты Алатау ауылдық округі бүгінде өңірдегі туризмнің қарқынды дамып келе жатқан орталықтарының біріне айналды. Табиғатының көркемдігімен, қолайлы климатымен және тау бөктеріндегі ерекше орналасуымен ерекшеленетін ауыл бүгінде төрт мезгіл бойы туристерді қабылдайтын сұранысы жоғары демалыс аймағы ретінде танылып отыр.
Егер бұрын ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы мен егіншілік болса, бүгінде туризм жергілікті экономиканың жетекші әрі табысты саласына айналған. Қазіргі таңда округ аумағында 200-ден астам демалыс орны жұмыс істейді. Бұл нысандар жүздеген ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатының артуына және кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде.
Алатау ауылдық округінің әкімі Айсұлтан Ділдабаевтың айтуынша, туризмнің дамуы жергілікті бюджет кірісінің де ұлғаюына оң әсер етіп отыр.
– Бүгінде ауылымызда 200-ден астам демалыс орны жұмыс істейді. Бұл нысандарда негізінен жергілікті тұрғындар еңбек етеді. Соның нәтижесінде халықтың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасалып, ауылдағы жұмыспен қамту деңгейі де артып келеді, – дейді ауыл әкімі.
Туризм саласының өркендеуімен қатар салық түсімдері де жыл сайын көбейіп келеді. Әсіресе, бұрын басқа өңірлерде тіркелген туристік нысандарды Төлеби ауданында қайта тіркеу жұмыстары жергілікті бюджеттің кірісін арттыруға мүмкіндік беруде.
– Өткен жылы салық түсімі бойынша жоспарымыз 75 миллион теңгені құраған еді. Жыл қорытындысында бұл межені артығымен орындадық. Биылғы жоспарымыз да ауқымды. Бұрын тау бөктеріндегі бірқатар демалыс орындары өзге аудандарда тіркелген болатын. Қазір сол туристік нысандарды ауданымызға тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Президент ауыл әкімдерімен кездесуде кәсіпкерлер салықты өз қызметін жүргізіп отырған жергілікті бюджетке төлеуі қажет екенін ерекше атап өтті. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында туристік нысандарды жергілікті жерде тіркеу және салық түсімдерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда, – дейді Айсұлтан Нұрмаханұлы.
Бүгінде Алатау ауылдық округі табиғи әлеуетін тиімді пайдалана отырып, туризмді экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналдырып келеді. Демалыс орындарының көбеюі, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және бюджет кірісінің артуы – ауданның туристік әлеуетінің жылдан-жылға күшейіп келе жатқанының айқын көрінісі.
