Ернар Жұматаев: «Өзімді Махамбеттей сезінетін едім»

11

Өмірдің əр сəті қайта оралмайтынымен құнды. Бала кезде тезірек есейсек екен деуші едік. Балалық шақ дегенде қолында домбырасы бар қара бала көз алдыма келеді. Балалық шақ ұмытылмас бал күндер. Ол кімді де болмасын сағынтпай, аңсатпай қоймайды екен.Менің  балдәурен балалық  шағым  Ташкент облысы Төменгі Шыршық ауданы Шыңғыс ауылында өтті.  Сол жердегі №18 қазақ орта мектебін бітіріп шықтым.

Балалық қиялға не жетсін, шіркін! Мен бала күнімде  өзімді  батыр  Махамбеттей  сезінетін едім. Содан болар жастайымнан  спортқа жақын болдым, боксқа қатысып, біраз шыңдарды бағындырғанмын. Күндіз қолыма домбырамды алып жүрсем,  ал кешке жаттығу залында өтетін. Кейде достарым «Ернар сен ересек кісілердің жанында өзіңді байсалды  ұстайсың. Ал, достарыңның жанында мүлде басқа адамсың»  деп таң қалатын. Расымен де кез-келген жерде өзімді қалай ұстау керектігін білемін. Әкем марқұм мені көкпарға жиі апаратын.

Әкем төл тарихымызды   бір кісідей білетін азамат еді. Домбырада, тағы көптеген аспаптарда шебер ойнайтын. Елді аузына қаратқан кісі болған. Кейде анам мен әкемнің  бірге қосылып ән айтатыны есімде. Отбасымның  арқасында өнерге де спортқа да  жақын болып өстім. Негізі спорт пен өнер егіз ұғым. Екеуін әрдайым бірге алып жүруге тырысамын. Тіпті қазірдің өзінде таэквондомен айналысамын. Бала күнімде дәстүрлі әнші боламын деп армандаушы едім. Кейін 9 сыныпта оқып жүріп актер болғым келетін. Ал, мектеп қабырғасын бітірген кезде спортқа  кетсем деген шешімді қабылдау ниетім де болды. Бірақ болашағымды ой елегінен өткізіп, өнер жолына таңдау жасадым.

Мектепті бітірген соң Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне дәстүрлі әнші боламын деген мақсатпен құжатымды өткізіп емтихан тапсырдым. Өкінішке қарай емтиханнан өте алмай, ауылға оралуыма тура келді. Дегенмен,  мен сүріне қойған жоқпын. Бір жылдан кейін Алматыға келіп Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясына емтихан тапсырып, бағым жанып, оқуға түсіп кеттім. «Сырғалым», «Әке серті», «Бәйтерек», «Бізідің ауыл во!», «Аманат» секілді фильмдерге түстім. Бұл фильмдерге дейін шағын роликтерге түсіп жүрдім. Шыны керек фильмге деген қызығушылығымның жоғары болғаны соншалық, «Қазақфильмге» өзім бардым. Сол жерде кастингтен өтіп, Данияр Саламатовтың  «Бәйтерек»  фильміне түстім. Бұл менің кино саласындағы алғашқы рөлім болатын.  Бүгінде Астанадағы  «Жастар театрының» директоры қызметін атқарып жүрмін.  Театрмыз жас болса да жеткен жетістігі жетерлік.

Өкінішке қарай  ата –анам қазір өмірден озған. Үйде бес ағайындымыз. Мен кенжесімін. Қазір бауырларымның барлығы да Алматыда тұрып жатыр. Әулетіміз өте үлкен, басымыз қосыла қалғанда  бала күнімізді еске алып,  қуаныштарымызды бөлісіп тұрамыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here