Түркістанды түгел билеген Еңсегей бойлы ер Есім бейнесі ел жадында

image_750x_5b20a11ae8fc5.jpg

Қазақ хандығының тарихы сөз болғанда еске Қасқа жолды Қасым ханнан кейін Ұлы Даланың құдіретті әміршісі болған жеңімпаз қолбасшы еңсегей бойлы ер Есімнің түсетіні белгілі. Хандықтың аумақтық тұтастығын кеңейтіп, мемлекет билігін өрістеткен, Түркістанды түпкілікті астана етіп, орталық билікті күшейткен Есім хан заманында Орта Азияның геосаясатына үлкен өзгеріс енгізген айтулы тұлға. 

Ел «Еңсегей бойлы ер Есім» деп әспеттеген даңқты хан туралы аңыз-әпсана, тарихи шежірелердің тек қазақ арасында ғана емес, ағайын жұрт қырғыздарға да кең таралуы оның қайраткерлік тұлғасына берілген халықтың шынайы құрметі мен жоғары бағасын аңғартады. 

Мәселен, халық ақыны Қазанғап Байболов «Еңсегей бойлы ер Есім» жырын 1938 жылы жырласа, атақты қырғыз ақыны Тоғалақ Молда 1942 жылы «Энчегер бойлуу Эр Эшим» дас-танын тудыруы осы сүйіспеншіліктің айрықша белгісі, еншісі бөлінбеген ағайын жұрттың кезінде бір мемлекеттің шаңырағы астында болғанының айпарадай айғағысынды. 

Ақын Қазанғаптың ауылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Қасқасу, Сайрамсу, Қарасора өзендері құймасындағы «Есім хан ордасы» деп аталатын орта ғасырлық тарихи ескерткіш «Төрткүлтөбе» маңында орналасқан. Есім хан мен оның дәуіріне қатысты тарихи жер-су атауы бұл құтты өлкеде сайрап тұр. Алайда жергілікті халық «Есім ханның ордасы» деп атап келген, орта ғасырдан бергі түрлі мәдени қабаттарға толы ежелгі қаланың қорған жұртына бүгінге дейін мардымды зерттеулер жүргізілмеген екен. Мемлекеттік қорғауға да алынбаған бұл қастерлі мекен тіпті «Киелі Қазақстан» тізіміне де ілікпеген сияқты. 

Таяуда осы ауылға арнайы ат басын бұрып, тұрғындарымен кездесіп, шежіреші қарттар мен жергілікті өлкетанушы азаматтар аузынан осы қаланың жұрты жайында, Есім хан және оның замандастары туралы ауызекі әңгімелер шоғырын жазып алдық.  

Көне қала жұрты үш өзеннің қиылысында оқшау тұрған тік шатқалды жеке жасыл төбенің үстінде тегістікке орналасыпты. Қорғанның топырақ үйінділері төрткүлденген қала орнының жиегінде құланды күйінде көзге шалынады. Ежелгі қала жұрты ауыл балаларының футбол ойнайтын алаңына айналыпты. Ауыл жастары бұл маңнан құмыра, жебенің ұшы, құбырдың қыштарын тауып алып өлкетану музейіне тапсырғанымен, бұл жер бүгінге дейін арнайы археологиялық зерттеудің нысанына айнала қоймапты. Төбенің үстінен етегіне қарағанда белортасын құрсаулап әжептәуір ор қазылып, арық тартылып, кезінде су жүргізген арна айқын байқалады. Төбеден айнала алыс төңірек айпарадай айқын көрінеді, салқын-сабат, миуалы-мәуелі, саялы ұйық мекен. Егер қорғанның кіреберіс босағасына қарауыл қойылса, тік төбені өрлеп жау шабуылдау мүмкіндігі аз, біріншіден шатқал қия, екіншіден белуардан арнайы шеңберлеп қазылған ор, арналы арық кім-кімге де бөгет болмақ. 

Жалпы, орта ғасырдағы бекіністер мен қорғандар табиғаттың түрлі кедергілері мен елеулі мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып жасалатыны белгілі. Төрткүлтөбе де сондай нысанның қатарында, бабаларымыз оны жетілдіріп белуардан ор қазған әрі қаланың қорған күмбезін тұрғызып, қабырғасын шаршылап қалап, құбыр тартып, абаттандырған. Әрине кейінгі қазақ хандары да бұл жерлерді өзіне пана етіп, қайтадан жаңғыртып отырған. Сондай ірі тұлғаның бірі еңсегей бойлы ер Есімнің бұл топырақта алапасы артып, арғымағы аунап, нары шөккені анық. Ауыл зиялыларының қызғыштай қорғауымен аңыз-әпсанасы тірнектеліп жиналып, ескі қала жұрты бұзылмай бүгінге жеткен осы киелі орданың есігінің алдына жергілікті тұрғындар үй-жай құрылысын да сала бастапты. 

Тарихи жадыны оятуға ғасырлар бойы ықпал етіп келе жатқан қасиетті нысанды «Киелі Қазақстан» тізіміне тіркеп енгізу, ғылыми зерделеу, археологиялық сараптаудан өткізу алдағы күндердің еншісінде. «Есім хан ордасы» атты бұл тарихи жұрттың ұлттық рухты көте¬ріп, шежіремізді жаңғыртып, тарихи сана¬мыздың қуаттануына тигізіп келе жатқан шарапаты аса мол. Соның бір ғана мысалы – жеті мың жолдан тұратын «Еңсегей бойлы ер Есім» тарихи эпосы. Осы топырақтың бесігіне тербеліп, әуеніне әлдиленген Қазанғап Байболов ақын бала күнінен құлағына сіңген сарынды көлемді жырға айналдырған. Ал қазақтың ежелгі хандарының ешбіріне де мұндай көлемді эпос арналмағаны тағы да анық. Демек, ел зердесінің сәулесі осы тарихи жырда сары алтынның түйіршігіндей ұшқындайды, ал жыршының ұлы хандар мен билердің ішкен суы, жұтқан ауасы, басқан топырағынан, көкірегі көмбелі қарттардың күмбірінен нәр алғаны, шабыт шақырғаны айқын. «Есім хан ордасы» деп аталатын қазыналы жұрттың айналасына ғасырлар бойы шоғырланған ғибрат пен тағылым қайнары тәуелсіздігіміз нығайған бүгінгі күні де аса маңызды, демек бұл тарихи-рухани кешен жаңа заман талабына сай жаңғырып қайта түлеуі қажет-ақ. 

Екі ел эпосының сом тұлғасы – ер Есім 

Есім хан туралы әзелгі эпосты оның жорықшы жырауы болған Жиембет, Марғасқа жырау, қырғыз Көкім билер жұртқа таратқаны анық. Аңыз-әпсана, ертек, хикая, қысқа өлең жолдары секілді түрлі пішінде ел құлағына алуан түрлі нұсқалары әуелден сіңісті болады. «Еңсегей бойлы ер Есім» тарихи эпосын кейінгі жырлаушы Қазанғап Байболов Есім ханның бас батырының бірі ретінде алшын Жиембет Бортағашұлын атауы да дәстүрге деген адалдықты танытады. Жыршы «Есім далаға шығып, ілгері айтқан хабары бойынша үш жүздің баласын тегіс жинап, хан көтерілді... Сол күнде үш жүздің баласында атақты төрт батыр болар еді. Ұлы жүзде, дулаттан Шабайұлы Жақсығұл деген мерген еді, қоңыраттан Алатау деген батыр еді. Кіші жүз алшын-жаппаста Бөрітоғашұлы Жиембет деген еді. Үйсіннен Сүлеймен батыр» дейді. Осылайша ақын «Есім сені есірткен, есіл де менің кеңесім» деген өр мінезді жырау Жиембеттің аруағын тербетеді. 

Жыршы Қазанғап Байболов өзі өскен ортадағы ел аузында айтылып жүрген сюжеттерді жинастырып, топтастырып эпикалық дәстүрге сай тарихи жыр тудырады. Қаһарманның жауға аттанып кеткенде өзінің жақын туысының елін шабуы, патшалықты уақытша иемденуі, анасы мен баласын қой жайғызып құлдыққа салуы, оған бас кейіпкердің жасырын, көбінде бет пішінін өзгертіп келуі, жақындары оны тани алмауы, олармен қайым өлең айтып айтысуы, артынан елін зұлымнан азат етіп мәңгі бақытты етуі – дәстүрлі эпостың құрылымында кездесетін тұрақты сарындар. Сол себептен бұл жыр бір қарағанда «Алпамыс» эпосына көбірек ұқсап кетеді.  

Қырғыздағы «Эр Эшим» жырының сюжеті де осындай. Екі елдің эпосында да қалмақты жеңіп келген ер Есім жауға таланған жұртта мал бағып жүрген жақын туыстарына жолай кез болады. Қырғызда ер Есімнің әйелі «Бекбекей» әуеніне салып қасіретті жағдайы туралы өлең айтса, қазақта ханның анасы бесік жырының әлдиімен зарын жеткізеді. Әйткенмен екі елдегі эпоста кездесетін кейіпкерлер, оқиғаның өрбуі мүлде бөлек. Бір сөзбен айтқанда, бұл жыр бір эпостың нұсқалары емес, жеке-дара туған екі бөлек дүние деуге болады. Дегенмен мұнда егіз ботадай ұқсастықтар аңғарылады. Тарихи тұлғаның нақтылы өмірі жырланғандықтан да солай болуы заңды тәрізді. Мәселен, ханның жау қолындағы жұбайы қырғыз жырында: 

«Қой қайтарған біздің қыз,

Қозы баққан біздің қыз,

Эншегер бойлуу эр Эшим,

Есен келсе қалмақтан,

Біздің қыздай болар ма екен Сіздің қыз?», – деп зарлайды. Әрине бұл шумақтар негізінен сол қалпында Қазан¬ғап нұсқасында қайталанады. Өйткені бұл тарихи өлең әу бастан ел құлағына сіңісті болып, кейіннен көркем эпосқа кіріккені сөзсіз.

Мінгені Есім ханның – Сарыпқұла 

Аңыз-дастандарға құлақ түрсек, елдің ерекше қаһарманына қанат бол¬ған ғажайып тұлпар мінгізетінін аңғарамыз. Қобыландының Тайбурылы, Ал¬памыстың Байшұбары, Қамбардың Қара-қасқасы көнеден жеткен алтын аңыздар, бертінгі Қаракерей Қабанбайдың Қубасы, Қанжығалы Бөгенбайдың Нарқызылы, Кенесарының Көкбурылы да ер серігі болған арғымақтар. 

Сол сияқты еңсегей бойлы ер Есімнің тұлпары Сарыпқұла туралы аңыздар да қазақ пен қырғыз арасында ортақ таралған. Қырғыз эпосында Есім ханның мінген тұлпарының аты – Шарыпқұла. Қырғыздар тұлпардың түп иесі Түгелбай, Шарыпқұла кермарал тәрізді ғажайып тылсым жануардан туған будан деседі. Аңызға сенсек, Түгелбайдың жылқы¬сында қисап жоқ екен, ер Есімнің сыншысы үйірдің шетіндегі «жабағы жүні түспеген, құм сірке басып биттеген» құланы таңдап алыпты, ол лезде тұлпарға айналады. 

Қырғыз жыр-аңыздарында Есім ханға тұлпарды Түгелбай сыйлайды. Түгелбай туралы Алаш қайраткері, білгір тарихшы Мұхамеджан Тынышбаев «бұл қырғыздағы Алаш зиялысы Ешенәлі Арабаевтың тоғызыншы атасы. Ешенәлі Арабаевтың бабасы Түгелбайға олжаға тарту етілген қатағанның қызынан туған» деп жазады. 

Қазақ шежіресінде Түгелбай – Есім ханның оң тізесін басқан Құдайберді бидің ұлы, оның туған бауыры Әлібектен әйгілі Төле би тарайды. Бір қызығы, атақоныста отырған бидің бүгінгі ұрпақтары Түгелбайдың қатағанның бір қызына үйленгені, оның қырғыз ішіне барып әулетімен бірге сіңіп кеткені туралы шежіре-әңгіме айтады. Қалай болғанда тоғысып жатқан тарихты көреміз. 

Түгелбайдың ұрпағы, Төлеби ауданы Қасқасу ауылдық округінің тұрғыны 1938 жылы туған Қ.Бошатайұлынан фольклортанушы-ғалым А.Тойшанұлы жазып алған Есім хан мен Тұрсын ханның әу бастағы кикілжіңі неден болғаны туралы аңыз төмендегідей сыр шертеді: «Тұрсын ханда керемет бір тұқымы тұлпар туатын айғыр бар еді. Сол айғырдан Есім хан да бір құлын алғысы келеді. Тұрсын хан келіседі, бірақ қызғанып, жылқышысына «Есім ханның биесіне айғыр шапқан кезде басын тартып қап, ұрықты сыртқа ағызыңдар», деп жасырын тапсырма береді. Мұндай болатынын сезген Есім хан да атбегіне ескерту жасап, қырағы болуды тапсырады. Биені әкеліп, айғыр шаба бергенде Тұрсын ханның жылқышысы айтқандай-ақ басын тартып қалады, оны сезген Есім ханның атбегісі тақиясын тоса қояды да, ұрықты жерге төкпей құйып алады. Сөйтіп күйлеп тұрған биені жығып жібереді де, жатырына тұқымды дереу құяды. Осы биеден керемет тұлпар туады да, ақыры екі ханның бақастығы тіпті қозып, араларына сына-сызат түсе береді». Ел аузында сақталған аңыз осылай сыр шертеді. 

Қазақ арасында Сарыпқұла туралы аңыз көп, тіпті, осы сәйгүлікке арналған «Сарыпқұла» деген халық күйі де бар. «Сарыпқұла тұлпардың ныспысы аяқты сылтып бастыртатын кәдімгі сарып ауруына ұқсастықтан туған. Себебі алғаш мінгенде Сарыпқұла сәйгүлік денесі қызғанша сылти басып, біраз ақсаңдап жүреді екен. Ал денесі қызып, жүрісі мандығанда оған жететін жүйрік ат жоқ, ілесетін арғымақ жоқ» дейді. Сол себепті күйші Сарыпқұланың осы жүрісін әуенге салып, ханның тұлпарына күй арнаған. 

Ел арасында таралған жырда Есім ханның тұлпары теңіздегі суын айғыр мен жеті жыл бойы тумай жүрген құлаторы биеден жаралған дейді. Қазанғап жырында Есім ханның мінген тұлпары адам басты, жылқы денелі теңіз жылқысының айғырынан жаралған суын тұлпар. 

Қанша ғасырлар өткенімен Есім хан¬ның тұлпары Сарыпқұла, оны ханға сыйлаған Түгелбай, оның ұрпағының бір бұтағы қырғызда қатаған деген атпен өрбіп келе жатқаны жайында қазақ пен қырғыз арасында шежіре әңгімелер ұқсас айтылуы кездейсоқтық емес, тарихтың тереңінде түйткілді бір түйіннің барын аңғартқандай, арнайы тексере түсуді қажет ететін жайт.

Түйін 

Бір кездері еншісі бөлінбеген екі елдің эпосындағы Есім хан бейнесі бірін-бірі толықтырғанымен, елеулі айыр¬машылықтар да бар. Қырғыз эпосында Есім хан – қыпшақтың ханы, қазақ пен қырғызды жаудан ортақ қорғаушы. Әлбетте қатағанның Тұрсын ханы – опа-сыздық жасаушы бүлікші. Есім ханның белгілі биі Көкімнің бейнесі қырғыз нұсқасында мүлдем жоқ. Керісінше Көкім бидің бейнесі қазақ Қазанғап Байболов жырында тартымды сомдалады. Байқауымызша, Қазанғап жырлаған нұсқа тарихи деректермен үндесіп, жыршының пайымы мен танымынан, өз ортасында айтылатын арқаулы әңгімелермен сабақтасып, тіпті жыршы жасаған кейінгі уақыттың да көзқарасы эпосқа кіріккен. Ал қырғыз эпосы негізінен фольклорлық дәстүр аясына сай жырланған.

Қазанғап жырда Шәкәрім шежіре¬сінен де мәлімет келтіріп, сол дерек¬тер¬дің ізімен де оқиға желісін сабақтап кетеді. Автордың әйгілі Бекасыл әу¬ли嬬нің медресесінде тәрбиеленіп, шығыс-тың ілімімен сусындағаны оның қолтаңбасынан, сөз саптасынан анық байқалады. Жыршының сөз өрнегінде араб-парсы сөздерінің жиі ұшырасуы да оның ислам дәстүрінде, медреседе зердесі қалыптасқанын байқатады.

Есім ханның ордасы, тұлпары, батырлары, Есім хан заманының игі жақсылары, ханның жорық жолына қатысты туған жер-су аңыздары, неше алуан шежіре әңгімелердің бүгінгі күні де қазақ пен қырғыздардың арасында қатар айтылуы арнайы зерттеуді қажет етеді.

Есім ханға қатысты жер-су аңыздары да қазақ пен қырғыз арасында қатар айтылып, көне тарихтың күмбірін бү¬гін¬гі күнге жеткізіп тұр. Қырғызда «Торы айғыр», «Жорғаның белі», «Үлкен бурыл», «Кіші бурыл», қазақта «Күйік», «Шақпақ», «Даңғырашалды», «Шатыр¬төбе», «Тоғыс» секілді жер-су аттары аңызымен бірге айтылады. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» дегендей, өлкеміздің әрбір тау-тасының өзі күбірлеп сыр айтатындықтан, оны өркениетті заманға сай жаңғырта білсек, жастарға патриоттық тәрбие беретін өнеге бастауы алтын кеніш болары сөзсіз.

Демек, қазақ пен қырғыздың ортақ ханы болған еңсегей бойлы ер Есімнің тұлғасы туралы зерлі сөзбен өрнектеліп, жер-су аңызымен дәйектелген, бүгінгі күнгі ұрпаққа ұласып жалғасқан, ха-лық махаббатымен сомдалған тарихи эпостық алып ескерткіш кешен қандас екі халықтың бауырластығына нұрлы сәулесін шашып, тарихи сананы жаңғыртуға өлшеусіз үлес қоса беретіні сөзсіз.

Ұлы Далаға атағы жайылған айбарлы сайыпқыран Қасым хан артына қасқа жол қалдырса, одан кейінгі дәуір мұғдарында «Есім ханның ескі жолы» елдің әлеуетін арттырып, ұлысты ұйыстырып, шалқар өрісін кеңітіп, шегара-шебін шегендеп, халықтық бет-бейнесін қалыптауға берік негіз қалайды. Туысы Тұрсын ханнан туған бәлекет бүліктен, бауырға бауыр қару кезенген қанды қырғыннан ел бір¬лігі сетінеген тұста айбарын асырып, алты сан Алаштың алауыздығын жойып, отанына тәртіп орнатқан қаһарлы Есім хан енді сұлтандардың билігін шектеуге қадам жасайды. Бабасы Шыңғыс хан тұсынан қалыптасқан, Ұлы Жаса заңынан ұласқан төрелердің құзыреті ырықталып, енді дала билерінің ықпалы арта түседі.

Қырғыз Көкім би, қарақалпақ Сасық би, қазақтан Шаншар, Жидебай, Құдайберді секілді билер елдің бірлігін нығайтып, билік түзімін жаңғыртып, жарғыларын жабдықтауға табанды кірісетін болады. Көне түркіден тамыр тартқан бектік (билік) жүйе елдің саяси өміріне қайта орала бастағандықтан, бұл жора «Есім ханның ескі жолы» деп жұрт жадында жаңғырады.

Ер Есім қаһарлы билеуші ғана емес, қазақ елдігіне оң реформа жасап, даналықтың мұзарт шыңынан алыс болашаққа сәуле түсірген көреген көсем, тұтас Түркістанның түгел билігіне қол жеткізген құдіретті хан болды. Оның жорықтағы сұрапыл ерліктері мен алып бейнесі ел жадында мәңгі жаңғырып, аңыз-жырлардың алтын арқауына айналды. Сондықтан еңсегей бойлы Есімнің ордасы қонған «Төрткүлтөбенің» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы мемлекет қарауына арнайы алынып, тиісті археологиялық жұмыстар жүргізілетін уақыт жетті деп ойлаймыз. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бұл мәселені айрықша назарға алады деп сенеміз. Осылайша қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тағы бір тұғырлы тұлғаның өнегелі мұрасы елімен қайта қауышар еді. 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, 

"Егемен Қазақстан"


®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Түркістанды түгел билеген Еңсегей бойлы ер Есім бейнесі ел жадында