Шымкент - миллионер қала

image_750x_5b1506367e4dd.jpg

Шымкент қаласы Қазақстанның үшінші мегаполисі атанды. Бұл туралы ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев мәлімдеп, облыс жұртшылығын құттықтады деп хабарлайды Аptanews.kz агенттігі. 

Облыс және қала әкімдерінің үндеуінде Шымкенттің үшінші мегаполис атанғаны тарихи маңызды оқиға ретінде аталып өтілген.

"Егер бізде бұған дейін миллион тұрғыны бар тек Алматы қаласы болса, қазір үш мегаполисіміз бар – Алматы, Астана және Шымкент қалалары.

Миллионер-қала – бұл әрдайым жаңа идеялар, жобалар мен жоспарлар, ауқымды инвестициялар. Барлығы қаланың дамуына жаңа серпін береді. Шымкент бұл мәртебелі деңгейге ғасырлар бойы жетті.

Бізді алда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Ең бастысы — бұл жаңалық Шымкент қаласын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызып, әрбір қалалықтың өміріне жаңа серпін береді, оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Бұл – сонымен қатар, біз үшін асқан жауапкершілік.

Себебі біздің қаламызда қонақжай, қайырымды, ең бастысы, еңбекқор халық тұрады. Біз бәріміз бірге Шымкентті елбасы күткендей «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қалаға айналдырамыз деп сенеміз", — деді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Шымкент - миллионер қала