Шымкентте «Таза қала!» акциясы бастау алды. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Шәріпбек Жамалбек мәлімдеді.
Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі акция шаһар тазалығына бағытталған. Мақсаты - тұрғындарды өз ауласын, көшесін, жалпы қала аумағын таза ұстауға біріктіру. Яғни, қала аумағындағы жеке және көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен көшелер, таза аудандардың арасынан үздігін 13 адамнан құралған комиссия мүшелері анықтайды. Жаз бойы жалғасатын ауқымды жобада тазалықпен қатар әр ауданнан «Ең үздік учаскелік инспектор» жүлдесі сарапқа салынады. Акцияға белсене қатысқан мектеп оқушылары да ескерусіз қалмайды дейді байқауды ұйымдастырушылар.
- Әр екі апта сайын комиссия тексеруі барысында біз үнемі таза әрі тартымды аулаларды анықтап отырамыз. Төрт ай бойы, әсіресе жаздың ыстығында ауладағы, көшедегі ағаштар мен гүлдерді суарып, қуратып алмай күтіп баптаған тұрғындардың еңбегі елеусіз қалмайды. Қала көшелеріне, аулаға «Өз үйім» деп қарап, шынайы жанашырлық танытқандар өзгелерге үлгі бола алады», – дейді Шәріпбек Жамалбекұлы.
Байқауға өтінімдерді қаладағы 4 аудан әкімдігінде құрылған жұмысшы топқа 15 маусымға дейін өткізуге болады. Ал жұмысшы топ өтініш қабылданғаннан кейін 1 қыркүйекке дейін әр 15 күн сайын сараптама жасау мақсатында байқауға қатысушы көшелер мен аулаларды аралайды. Байқау жеңімпаздары қала күніне орай марапатталмақ. Акцияның жалпы жүлде қоры - 4 миллион теңге. Акция екі номинация бойынша өткізіледі. Олар «Үздік аула» (әр ауданнан 1,2,3 орындар, барлығы 12 орын) және «Үздік көше» (әр ауданнан 1, 2, 3 орындар, барлығы 12 орын). Сонымен қатар, акцияға белсене қатысып, өзі тұратын аула мен көшенің тазалығы және көркеюіне үлес қосқан мектеп оқушылары, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру, ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алуда нәтижелі еңбек көрсеткен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.
Еске сала кетейік, өткен жылы байқауға қатысу үшін Шымкенттің төрт бірдей ауданынан 365 өтініш түскен еді. Нәтижесінде «Үздік аула» номинациясымен бірнеше көшенің ауласы және «Үздік көше» деп танылған 4 көшенің тұрғындары марапатталған болатын.