Сауран ауданы ПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданып келген. Онда жәбірленуші ер адамның айтуынша таңғы сағат 04:00 шамасында ауласында орналасқан қорасынан 2 бас қойын белгісіз азаматтың жымқырып кеткенін көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі 100 000 теңге. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Хабар алысымен мал ұрлығын жасаған күдіктіні анықтау мақсатында полиция қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы оқиға орнына бет алды. Тәртіп сақшылары қажетті шаралардың барлығын жасап, жәбірленушінің ауласын мұқият тексерді. Сонымен қатар жәбірленушіге ұрланған малдарын қайтару үшін жан-жақты іздестіру жұмыстарын ұйымдастырған полицейлер үй жануарларын сататын базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді біртіндеп тексерді. Осылайша жүргізілген тыңғылықты шаралардың нәтижесінде күдікті ретінде екі ер адам ұсталды. Олардың бірі бұрын сотты болған жергілікті тұрғындар болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ күдіктілердің басқа да қылмыстық іске қатыстылықтары анықталуда.
Белгілі болғандай күдікті екеу оңай жолмен олжаға кенелу мақсатында жәбірленушінің қорасының есігін бұзу арқылы ішіне кірген. Содан соң екі бас қойды алып шығып, сыртта тұрған автокөліктерінің жүк салғышына тиеп, оқиға орнынан бой тасалаған. Негізгі жоспарлары ұрланған малдарды бірден сойып, қылмыстарының ізін жасыру. Олар үйлеріне барып, 2 бас қойдың біреуін сойып жеп, ал екіншісін жоғалтып алған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды сақ болуға шақырады. Қора-жайлардың есігін мықты құлыппен бекітіп, мейлінше жарық шамдарын көптеп орналастыруға кеңес береді. Егер де, сіздің малыңыз ұрланған немесе із-түзсіз жоғалған жайғдайда уақыт өткізбестен бірден 102 нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі