Қандай да болса, көмекке мұқтаж адамға титтей де болса қол ұшын созған ізгі іс. Әсіресе, науқас жанға денсаулығын нығайтуға келгенде көмек көрсетуден аянып қалмаған абзал. Адам өмірін арашалауда өз үлесін қосу өте қайырымды іс. Жақында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері қан тапсырды. Қан тапсыруды бәйдібектік дәрігерлер тұрақты үрдіске айналдырған. "Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен" демекші, ауруханада жарияланған "донор күнінде" 89 адам қан тапсырды. Көпшілігі қан тапсырып жатқан дәрігерлерден үлгі алып, өздері де осы игі істен табылды.
Ауруханадағы "Донор күні" бас дәрігер Гүлдария Шардарбекованың бастамасымен жыл сайын өтіп тұрады. Донор болу арқылы адам өзгенің өмірін құтқарып қана қоймай, өз денсаулығын да қадағалай алады. Яғни, дәрігерлер оның қанын сынамадан өткізіп, бойында ауру белгілері бар ма, жоқ па, бәрін анықтайды. Шыққан анализ қорытындысын қан тапсыруға тегін береді. Нәтижесінде, донор адам денсаулығын күте алады. Жыл сайын қан тапсыру арқылы адам тек өзгенінің өмірін сақтауға сеп болып қана қоймай, өзін де сақтайды. Бәйдібек аудандық орталық ауруханасындағы игі іс өзге өңірлерде жалғасын таба берсе нұр үстіне нұр болады.