Мешіт салу өте сауапты іс. Дегенмен, осы уақытқа кәсіпкерлер өздері салған мешітке ата-бабасының, руының есімін беру секілді тенденция белең алып келді. Бұны халық қолдай қоймасы анық. Алла үйіне адам есімін беру деген қай жағынан алып қарасаңыз да мақтауға келмейтін жайт. Жақында Төлеби ауданы, Ленгір қаласында белгілі кәсіпкер Нұржан Оразалиев мешіт салды. Ол мешіт құрылысын бастар кезде елмен кездесіп, «мен мешіт салайын, ал, қалған жағын өздеріңіз шешіңіздер» деп айтқан екен. Нәтижесінде, жұрт талқысынан соң, мешітке «Мәуліт» аты берілді. Мәуліт – араб сөзі, қазақша "туған күн" деген мағына береді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла тағала елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне ол айға осы атау берілген.
«Мәуліт» – Ленгірде бой көтерген мешіт. Мешіт құрылысын басы-қасында болған Нұржан Оразалиев елге жомарттығымен, кеңдігімен танылған кәсіпкер. Ол жетім-жесірлерге, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтарға әрқашан қол созып келеді. Бүгінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ауданға түрлі нысандар сыйға тартқанын айта кетсек артықтық етпес. Мысалы, ол салған спорт алаңшалары қала жастарының спортқа қызығуына зор септігін тигізуде.
«Мәуліт» мешітінің ашылу рәсіміне Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы Н.Қойбағаров, ауданның құрметті азаматы, кәсіпкер М.Әлі сынды беделді азаматтар қатысты. Олар Нұржан Оразалиевке алғыс айтып, ісіне береке тіледі.