Әділет іздеген ақ жаулықты ана облыс әкімінен көмек сұрайды (видео)

Жақында Rgmedia.kz порталының редакциясына Сабира Керімбекова есімді ақ жаулықты ана келді. Ол өзінің перзенттік борышын өтеуді алдына мақсат тұтқанын айтты. Яғни, Сабира апа көзі тірісінде әкесінің атын көшеге берілгенін көргісі келеді. Осы мәселені көтеріп, талай рет газет бетіне шығыпты. Бірақ, одан нәтиже жоқ. Сонда да болса үмітін үзбеген зейнеткер ана енді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтан көмек сұрайды: 

file_5b14ff7186c95.jpg

Сабира Керімбекова


Құрметті Жансейіт Қансейітұлы! Менің аты-жөнім Сабира Керімбекова. Ұзақ жылдар мұғалім болып жұмыс істедім. Қазір зейнеттемін. Бала-шаға, немере-шөберенің ортасына тып-тыныш отыра берсем болатын да еді. Бірақ, есімді білгелі жан дүниемді мұң шырмап келеді. Себебі, менің әкем Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. 

Басынан бастасақ, әкем Керімбек Алтаев 1941 жылы 2 желтоқсанда майданға аттанды. СОғысқа дейін әкем Қарабұлақ, Сайрамсу, Кенесарық, Сайрам ауылдарын өз қолымен біріктіріп, осында колхоз бастығы болып істеп жүргенде соғыс басталып, өз еркімен аттанып кетеді. Сол кезде колхоздың орталығы "Манкент" болған екен. Район басшысы бұл жағдайды естіп, колхозды кім басқарады деп әкемді жібергісі келмепті. Бірақ, Отан алдындағы парызын өтегісі келген әкем ештеңеге қарамай кетіп қалады. Сөйтіп, әкем 1943 жылы 18 шілдеде ерлікпен қайтыс болады. Ол Орловская облысының Арель қаласында снайпер бболып соғысып жатқанда жан тапсырыпты. 

Не керек, майданнан Ленгірге 3 рет қара қағаз жібереді. Қара қағазды ағамыз Өмірзақ алып, келіні "ұлы мен қызын алып кетіп қалуы мүмкін" деп қорқып, қара қағаз жөнінде ешкімге тіс жармай ішінде сақтайды. Оны кейін білдік қой.

Арада жылдар өтті. Әкем санамнан бір сәт те шыққан емес.  Ол туралы мүлдем хабар болмағасын мен әкемді іздеуге шықтым. Анамның: "Сендер әкелеріңді іздесеңдер Орловскаядан іздеңдер, өйткені ақырғы хаты 1943 жылы 15 мамырда сол жерден келген" деген сөзі жадымнан шықпады. 

Ақыры, әкемнің жатқан жерін интернеттен таптым. Анамның айтқаны рас болып шықты. Әкем сол облыста жерленіпті. Алып-ұшып Орловскаяға тартып тұрдық. Ондағылар бізді қор қошеметпен қарсы алды. "Әкеңіз соғыста жанкештілік танытты. Отанын қорғау жолында кеудесін оққа тосты. Әкеңізге көшенің немесе мектептің атын берілу керек. Ол соған лайық. Егер Қазақстан бермесе, бізбен хабарласыңыз" деп айтуды ұмытпады. 

Мен қалайша өз елімді жамандайын. Қанша жыл болды, әлі әкемнің есімі ешқайда берілмеді. 

Құрметті Жансейіт Қансейітұлы,  сізден өтініп сұраймын, әкемнің аты өшпеу үшін қол ұшыңызды созуды сұраймын!"

Сабира апаның жалғыз тілегі осы. Әкесінің есімін көшеден яки мектептен көрсе арманы жоқ. "Өлі риза болмай, тірі байымайды" демекші, Сабира апаның бір тілегін орындауға көмектессек нұр үстіне нұр болар еді.

®RG media - ақпараттық агенттігі
Бөлісу тақырыбы: Әділет іздеген ақ жаулықты ана облыс әкімінен көмек сұрайды (видео)