«Саналы ғұмырын еліміздің көркеюіне арнаған азамат еді»

Oinet.kz 16-07-2020 964

Screenshot_15.jpg

Түркістан облысының жұртшылығы, зиялы қауым ауыр қазаға душар болды. Саналы ғұмырын еліміздің көркеюіне, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуы мен облысымыздың жандануы жолына арнаған абзал азамат, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айтмұхаметов Қосман Қайыртайұлы 57 жасқа қараған шағында мезгілсіз дүниеден озды.

Қосман Қайыртайұлы 1963 жылы 29 тамызда Целиноград облысы Ерментау ауданы Бестөбе ауылында дүниеге келген. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, кейіннен заңгерлік мамандығын игерген.

Еңбек жолын 1983 жылы Целиноград облысы Селетин ауданы «Изобиль» совхозы 2-бөлімшенің жұмысшысы болып бастаған.1983-2014 жылдары Целиноград облысы Бестөбе АТК жабдықтау бойынша инженері, Ақмола облыстық мемлекеттік пошта байланысы қызметі Автобаза байлынысының директоры, пошта тасымалдау бойынша арнайы автокөлік кәсіпорнының бастығы қызметтерін атқарған. «Қазпошта» ашық акционерлік қоғамы «Астана поштамт» Астана қаласы филиалының бастығы, Астана қаласы «Горкоммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас директорының орынбасары, директоры, «Астана Горкоммунхоз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, «Кредит Құрылыс НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс директорының орынбасары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, әкімі, Қазақстан Республикасы Аумақтық даму вице-министрі, ҚР Ұлттық министрлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің және жер ресурстары басқармасының төрағасы болып қызмет еткен. 2014-2019 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған Қосман Қайыртайұлы бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 

Қоғамға сіңірген еңбегі үшін Қосман Айтмұхаметов бірнеше наградалармен марапатталып, «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Қосман Қайыртайұлы қандай мемлекеттік қызметте болмасын өзін іскер ұйымдастырушы, талапшыл басшы ретінде таныта білді. Біліктілігі мен жоғары жауапкершілігінің арқасында әрбір істің көзін таба білетін бастамашыл қасиеттерімен бүгінгі қоғамның дамуына өзіндік еңбегін сіңірді. Оның ішінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне айтарлықтай үлес қосты. Өмірін еліміздің өркендеуі мен өңіріміздің барлық бағытта жоғары көрсеткіштерге жетуіне арнаған ел азаматының бейнесі халықтың жадында сақталып қала бермек.

Қосман Қайыртайұлының өмірден өтуіне байланысты оның отбасына, ағайын-туыстары мен ұрпақтарына, облыс жұртшылығының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Ө.Шөкеев, Қ.Балабиев, Ә.Тұрғымбеков, Ж.Аманбаев, Ұ.Тәжібаев, С.Қалқаманов, М.Мырзалиев, Б.Тәжібаев, Ж.Мәуленқұлов, Ө.Мелдеханов, Р.Аюпов, Ж.Әзіретбергенов.

Өмірзақ Шөкеев: «​Жүрек қан жылап тұр»
Аружан Саин: «42500 теңге бала санына қарай төленсін»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу