«Елімізде вакцина салынуы тиіс халықтың 55 пайызы екпе алды» – Алексей Цой
Қазақстанда 5 млн астам халық коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын салдырды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып берді, деп хабарлайды Oinet.kz.
- «Халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 9,4 млн доза вакцина қолданылған. Оның бірінші компонентін 5 480 094 адам салғызды, бұл вакцина алуы тиіс халықтың 55,4 пайызын құрайды. Екінші компонентімен 3 941 941 адам немесе тиісті халықтың 39,8 пайызы қамтылды», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрлік тағы 4 млн халық үшін қосымша 8 млн доза жеткізуге келісімдер орнатты. Жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіледі.
- «Осыған байланысты республикада вакциналауға қолжетімділік жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген», - дейді А. Цой.
Айта кетейік, эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы 26 маусымнан бері «қызыл» аймақта тұр.
Түркістан облысынан басқа өңірлердің бәрі «қызыл» аймақта. 3 тамыздағы жағдай бойынша, республикадағы инфекциялық төсек-орынның 56 пайызында, реанимациялық төсек-орынның 44 пайызында науқастар жатыр.