Елена Рыбакина жеңген жүлдесінен Ресейге салық төлейді
Ұлыбританияның Уимблдонында өткен «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакинаның жүлдесінің салығы басты назарға шығуда. Елена Рыбакина неліктен табыс салығын Ресейге төлейтінін Prosports.kz егжей-тегжейлі зерттеді.
Шетелдіктер Елена Рыбакина табыс салығын Қазақстанға емес, Ресейге төлеуге мәжбүр болатынына наразы. Рыбакина Уимблдонда жеңіске жеткені үшін екі миллион фунт стерлинг (қазіргі бағам бойынша 1 млрд 330 млн теңге) табыс тапты. Ұлыбритания заңына сәйкес, бұл жүлделерге 40-45% салық салынады, яғни шамамен 900 000 фунт стерлинг салыққа кетеді.
Әрі қарай, қалған 1 млн 100 мың фунт стерлингке тұрғылықты жері бойынша табыс салығы салынады. Елена төрт жылдан бері Қазақстан сапында ойнап жүргеніне қарамастан, тұрғылықты жері Мәскеуде. Сондықтан ол Ресей Федерациясының салық резиденті болып табылады және оның табысына 13% ставка бойынша салық салынады, яғни тағы 143 000 фунт стерлинг салыққа кетеді.
Осылайша, Рыбакина шамамен «таза» 957 000 фунт (636 млн 405 мың теңге) алады.