Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлының қолдауымен республикаға танымал қылқалам шебері Аңсаған Мұстафаның «Сөйле сурет» атты көрмесі ашылды.
Аңсаған Мұстафа - Қазақстандағы белгілі блогерлердің бірі, әлеуметтік желілер арқылы танылған суретші. Ол қоғамдағы түрлі құбылыстарға көзқарасын өзінің қарапайым, бірақ мағынасы терең ақ-қара суреттерімен білдіреді.
Аңсаған Мұстафаның туындылары тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелде де танымалдыққа ие. Қазақ жастарына арнап салынған суреттері түрік, жапон, грузин, қырғыз, ағылшын, орыс көркемсурет шеберлерінің ыстық ықыласына бөленіп, әлемге тарады.
Тәрбиелік мәні бар суреттері арқылы болашақ жас ұрпақтың өнерлерін өрбітіп, оларды шығармашылыққа баулуды мақсат тұтқан бұл көрмені қыркүйектің 14-іне дейін тамашалауға болады. Сондай-ақ, аталмыш көрменің ойдағыдай өтуіне облыстық «Білім беруді дамыту орталығы» КММ әдіскерлері мен Оқушылар сарайының мамандары және өнер мектептерінің ұжымдары атсалысты.
Айта кетейік, бұған дейін Аңсаған Құрманғазықызының жеке көрмелері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өткен болатын.