«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен Ыбырай Алтынсарин. Расында дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті - ұстаздардың қолында. Бүгінгі ұстаздардың мойнына артылар жүк жеңіл емес. Себебі қазір балаларға сабақ беріп қана қоймай оларды ұлттық құндылықтарды сақтауға, патриотизмге, өнерге баулу қажет. Осындай жан-жақты, оқушыларға тек дәріс беріп шектеліп қалмай, өнеріміздің дамуына ат салысып жүрген жанның бірі – Зарина Толаметова.
Төлеби ауданындағы Жеңіс жалпы орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі, жиырма жылға жуық тәжірибесі бар шығармашыл ұстаз, педагог-зерттеуші Зарина Толаметованың жетекшілік етуімен «Өнерлінің қолы алтын» үйірмесі жұмыс істеп тұр.
Аталмыш үйірменің сабақтары Зарина Хажимурадқызының «Жүннен қолөнер бұйымдарын жасату» авторлық бағдарламасы бойынша өтілуде. Осы бағдарлама Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында І орынға лайық деп танылған болатын.
«Өнерлінің қолы алтын» үйірмесі өткен оқу жылында да жұмыс істеді. Жаңа 2023-2024 оқу жылында аталған үйірмеге 17 оқушы қатысып жүр. Бұл оқушылар үйірме сабақтарында көздің жауын алатын түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды үйренуде.