Осыған дейін мектептегі білім мұғалім және оқушы арасын жалғаса, енді оған оқушының ата-анасы да қосылады. Мұғалім – оқушы – ата-ана үштігі бір байланыста болмақ. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Елордада өткен Тамыз конференциясында ««Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы оқушылар арасында сауалдама жүргізді. Оның нәтижесі көрсеткендей, ата-аналардың 60 пайызы балаларының оқу процесіне араласпайды. Сондай-ақ жасөспірімдер кітап оқымайды дейміз. Ол үшін біз алдымен кітапханаларды көркем әдебиетпен толтыруымыз қажет. Ал ата-аналар болса баласын кітап оқуға баулу керек. Баласымен бірігіп кітап оқыған ата-ананың ұтары көп. Бұған қоса бірігіп танымдық бағдарламалар көрсе, әсерлі әрі баланың жетілуіне пайдалы. Осындай ата-аналардың балаларымен араласуы саналы, білімді ұрпақтың көбеюіне әкеледі. Биылғы оқу жылынан бастап мектепте өтетін ата-аналар жиналысының форматын өзгертіп жатырмыз. Егер мұғалім әр баланың қай пәнді ұната¬тыны, бірақ оны меңгеруде қандай проблемаға тап келіп жатқаны туралы мәлімет беріп отырса, ол ата-анаға өте маңызды ақпарат болар еді. Тек бағаны айтып шыққаннан бұл әлдеқайда тиімді. Жаңа оқу жылында осындай жұ¬мысты қолға аламыз» деген болатын.
Осы орайда Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты П.Шевцов атындағы жалпы орта мектебінде бүгін «Ашық есік күні» өтті. Шара барысында мектеп директоры қатысушыларға қабылдау өткізіп, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ мектеп директорының орынбасарлары мен мұғалімдері ата-аналарға арналған педагогикалық консультациялар өткізді. «Ашық есік күнінің» әрбір қатысушысына арнайы сауалнамалар таратылды.
Бағдарламаға сәйкес, ата-аналар мен қонақтар сабақтарға қатысып, үйірме, мектеп кітапханасының жұмысымен және асхана мәзірімен танысты.
Күннің екінші жартысында ата-аналарға арналған "Ата-аналар академиясы" тақырыбында тимбилдинг және «Бірінші сынып оқушысының сәтті бейімделуі-оқудағы табыстың кепілі» тренингі бірінші сынып ата-аналарына арналды. Кәсіптік бағдар беру педагогінің ұйымдастыруымен «Мамандықты қалай таңдаймын?» атты коучинг өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар мектеп әкімшілігі мен ұстаздарына алғыстарын білдіріп, жоғары баға берді.