Созақ ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепте «Сынып жетекшінің ата-аналармен жүргізілетін жұмыстарының формалары мен әдістері» тақырыбында аймақтық тәжірибелік семинар өтті. Түркістан облысының білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» мен Созақ ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен семинарға Созақ ауданы, Кентау қаласы және Сауран ауданының білім бөлімдерінің әдіскерлері, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және сынып жетекшілер қатысты.
Балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуде сынып жетекші мен ата-аналар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл үшін жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында өткен семинар барысында коучингтер, шебер сыныптар, тренингтер және дөңгелек үстелдер өткізілді.
Аталған семинарды Созақ ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Бақытжан Сүйгенбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Түркістан облысының білім басқармасының «Білім беруді дамыту» орталығының әдіскері Ардақ Уразымбетова «2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері туралы» және «Халықаралық зерттеу бойынша оқушылардың сабаққа қатысуы мен сыныптағы тәртібі» туралы тоқталса, А.Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектептің сынып жетекшісі Кәріжан Анар «Ата-аналар мен сынып жетекшісінің бірлескен іс-әрекетін ұйымдастыру жолдары» тақырыбында шебер сынып көрсетті. Л.Бөкенов атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақылбаев Асылхан «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» жобасымен таныстырса, Кентау қаласы, М.Горкий атындағы №8 жалпы білім беретін мектеп директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күлзада Жадигерова «Сынып жетекшісінің бала тәрбиесіндегі ата-аналармен ынтымақтастығы» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ-мектеп-лицейдің педагог-психологы Аманбекова Гүлнар «Мейірім шуағы жанға жылу сыйлайды» тақырыбында психологиялық тренингін өткізсе, Созақ ауданының білім бөлімінің әдіскері Ерік Досболов тәрбие жұмысын ұйымдастырудың әдістемелік негіздеріне тоқталды.