Сайрам ауданы білім бөлімі және Сайрам ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, "Шапағат-педагог" жергілікті білім қызметкерлері кәсіподағы, Сайрам ауданының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының ұйымдастыруымен бүгін мектеп мұғалімдері арасында қазақ күресінен аудандық "Ұстаз барысы" жарысы болып өтті.
Додалы жарыстың мақсаты - аудан мұғалімдерінің арасында қазақ күресінің мәртебесін көтеру, ұлттық рухты қалыптастыру. Педагогтар арасында қазақ күресін дәріптеуге арналған аталмыш доданың аудандық кезеңінде ұстаздар жарыс ережесіне сәйкес, жеті салмақ дәрежесі бойынша күресті. Жекпе-жекке кәсіби балуандар емес, жас ұрпаққа ұстаздық етушілер қатысқанына қарамастан, «Ұстаз барысы» аудандық жарысы барлық ережелерге сай өтті.
Боз кілем үстінде өзара күш сынасқан педагогтар арасынан №83 А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Юсупалиев Досжан "Ұстаз барысы" атанды.