Дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ
Шымкенттік науқастар дәрі-дәрмектен тапшылық көрмейді. Әсіресе созылмалы аурулары бар, диспансерлік есепте тұратын дәріге «байланған» пациенттердің дертіне шипа болар препараттар жеткілікті. Бұл туралы СК-Фармация мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады. Қазіргі таңда Шымкент қаласының медициналық ұйымдарына амбулаториялық жағдайында емделушілерге және диспансерлік есепте тұрған пациенттерге 2,4 миллиард теңге құрайтын 382 атаулы дәрі-дәрмек жеткізілді.
СК-Фармация мекемесінің мәліметі бойынша, жалпы алғанда, Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 2020 жылға, 4,6 миллиард теңгеден асатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға тапсырыс берген.
Бүгінгі таңда пациенттерге 1,6 миллиард теңгеден асатын дәрі-дәрмектер берілді.
Сонымен қатар, 2020 жылға стационарлық жағдайында емделетін науқастар үшін Шымкент қаласының медициналық ұйымдары 5,3 миллиард теңгеден асатын дәрі-дәрмектерге тапсырыс берді.
Оның 4,7 миллиард теңгеден астам дәрі-дәрмегі қазіргі таңда жеткізілді.
Дәрілер амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін ауруханаларға, сондай-ақ медициналық ұйымдарға жеткізілуде. Сондай-ақ қазіргі таңдағы төтенше жағдайға байланысты үйден шыға алмай отырған пациенттерге, яғни диспансерлік есепте тұрған және тегін рецепт бойынша дәрі-дәрмек алатын азаматтарға мамандар дәрі-дәрмекті жеткізіп беруде.