Орта және шағын кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда
Үшінші мегаполис тұрғындары өзге өңірлерге қарағанда кәсіпкерлікке, еңбекке жақын келетіні жасырын емес. Экономиканы дамытудың тағы бір парасы шағын кәсіпкерлікті дамыту екенін жақсы білеміз. Шымкентте қазір жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің нақты саны – 69,9 мың. Оларда 166 мың адам жұмыспен қамтылған. Былтыр бұл сала 699,1 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бұл туралы Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков өзінің сұқбатында айтқан еді.
«Бизнестің жол картасы - 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2 454 млн. теңгеге 530 жобаға қолдау көрсетілді.
Шағын кәсіпкерлікті дамытуға ең алдымен қаржылық қолдау берік негіз болатыны түсінікті. Сондықтанда аталған жобалардың ішінде банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 218 жобаға 1 491,2 млн. теңге, банк несиелері бойынша ішінара кепілдендіруге 245 жобаға 672,8 млн. теңге, мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша 67 жобаға 289,9 млн. теңге бағытталды.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде шағын несиелендіру бойынша 1 062,1 млн. теңгеге 105 шағын несие берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,8 есе артық.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 88,1 млрд теңгеге 92 кәсіпорыннан өтініш түсіп, екінші деңгейлі банктер арқылы 36,8 млрд. теңгенің 57 жобасына қолдау көрсетілді. Мақұлданғандар ішінде мынадай ірі жобаларды атап өтуге болады: («KazAlPack» ЖШС - 19,2 млрд. тг, «Pioneer Grain Products» ЖШС - 3,0 млрд. тг, «Юникс» ЖШС - 1,5 млрд тг, «Шымкент қағазы» ЖШС - 1,1 млрд. тг, «Бал Текстиль» ЖШС - 1,0 млрд. тг.)