Әлібек Файзуллаев. Жанкүйер
Екі самайынан тер моншақтары сорғалаған қара домалақ бала құйындай үйіріліп, қақпаға жақындай түсті. Соңғы шабуыл. Ең шешуші сәт.
– Ал-мас-с!
Футбол алаңын қоршап тұрғандар шулап қоя берді. Жанкүйерлер сенімін қалай да ақтау керек. Намысқа тырысқан Алмас жанұшыра алға ұмтылды. Жолын кес-кестей алдынан шыққан ойыншыларға бөгелер емес. Бір қорғаушыны айналып өтті, екіншісін …, үшіншісін …, Әне – қарсыластар қақпасы. Алмас шірене оң аяғын сілтеп қалды.
– Го-о-л!
Теңбіл доп тор ішінде бұлқынып жатты. Осы сәтті күтіп тұрғандай төреші ысқырды. Ойын аяқталды. Тұс-тұстан алаңға қарай лап қойған жанкүйерлер жүгіріп жеткен бойда Алмасты жерден тік көтеріп алды.
– Жарайсың, Алмас!
– Біз саған ризамыз!
Бұл жеңіске денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ғабит ағай елден ерекше қуанды.
– Біз бүгін досымызды әбден қыдыртамыз! – деді Әбен.
Сол-ақ екен, оны қостаушылар көбейді.
– Дұрыс, бәріміз киноға барайық!
– Суретке түсейік!
– Ең қызығы, чемпионды балмұздаққа бір тойдырайық!
Достары озат футболшы үшін ештеңесін аяр емес. Қалталарындағы соңғы ақшаларын жинастырып, ортаға салды.