Шымкент: Қаратөбе көгілдір отынға қосылды
Шымкент қаласында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаратөбе тұрғын алабы көгілдір отынға қосылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков осы шараға арнайы қатысып, жергілікті тұрғындармен бірге газды іске қосу шарасына қатысты.
Әкім өз сөзінде елдімекендерді газдандыру – қала экологиясын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру жағдайын жеңілдету жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол тұрғындарды газды пайдалануда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Бұған дейін Қаратөбе тұрғындары тұрмыста сұйытылған газ, көмір және басқа да отын түрлерін пайдалануға мәжбүр болып келген. Бұл қолайсыздықтар тұрмыстық қиындықтарды ғана емес, қауіпсіздік мәселелерін де туындататын.
Бұған дейін халық тұрмыста сұйытылған газ, көмір және отын пайдаланып келді. Бұл халық үшін едәуір қиындық туғызған әрі адам өмірі үшін де қауіпті. Енді көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындардың жылыту шығындары да азаяды. Айта кетейік, газдандыру жұмыстары биылғы жылдың мамыр айында басталған болатын, қазіргі уақытта 62 абонент табиғи газ жүйесіне қосылып үлгерді.
Айта кетері, Шымкентте бұған дейін Қайнарбұлақ елді мекенінің тұрғындарына газ берілді. Газ құбырының құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Бүгінгі таңда Қайнарбұлақта абоненттердің 60%-ы тұрақты және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілді. Қалған 40%-ын қараша айының соңына дейін қосу жоспарланып отыр. Сонымен бірге Қаратау ауданына қарасты 10 мың тұрғыны бар Бозарық тұрғын алабына да табиғи газ берілді. Инфрақұрылымдық жобаның құрылысы 2023 жылы басталған болатын. Қазіргі уақытта газдандырудың екінші кезеңі аясында шамамен 700 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін үшінші кезең аяқталғаннан кейін қосымша 700-ден астам отбасы газбен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жыл соңына қарай Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын да көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Газ желісіне қосылуды жылдамдату үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-на өтініш білдіріп, құжаттарды тапсыруы қажет.