Бүгін Түркістан қаласында 2018 жылды қортындылаған салтанатты іс-шара өтті. Жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өңірімізде еңбегімен дараланған әр түрлі сала қызметкерлерін марапаттады.
- ХХІ ғасырдың белсенді азаматтары бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Қазіргі кезеңде елге қызмет етіп отырған азаматтар шығармашылыққа бейім, еркін ойлы, креативті әрі зиялы болғаны жөн. Аталған ізгі қасиеттер барлық сала қызметкерлерінің бойынан табылуы қажет. Бұл — бүгінгі заманның талабы. Бүгін талай сындардан сүрінбей өткен нағыз дүлдүлдер ортамызға келіп отыр. Осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта да мемлекет пен қоғам мүддесі жолында талмай еңбек етіп, белсенді азаматтық ұстаныммен ортақ мақсатты жүзеге асыруға үлес қосатындықтарыңызға сенімдімін. Түркістанға қызмет ету — абыройлы міндет. Бүгінгі марапаттарыңыз сіздерге шабыт беріп, жаңа шыңдарға жетелейді деп ойлаймын, — деген облыс әкімі жылдың үздігі атанған азаматтарды марапаттады.
Салтанатты іс-шарада жылдың үздік 15 мекемесі мен кәсіпорнына марапат тапсырылды. Олардың арасында «Үздік медицина мекемесі» болып Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық клиникалық ауруханасы» атанды. Мәртебелі марапатты Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аурухананың бас дәрігері Марат Пашимовқа табыс етті. Бұл лайықты таңдау болды деп есептейміз!
Марат Орынбасарұлының іскерлігін басқарып отырған мекеме мен ұжымға қарап-ақ тануға болады. Денсаулық сақтау саласындағы өңірдің қара шаңырағы саналатын аурухана соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Айталық былтырдан бері ауруханада стационарға Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі ендірілді. Жүйенің мақсаты – медициналық қызметтің барлық салаларында денсаулық сақтау қызметкерлерінің жұмысын автоматтандыру арқылы дәрігерлік көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Сонымен қатар ауруханада SOS жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе медицина қызметкеріне төтенше жағдайларда дәрігерге кез келген жерде түймені басып, көмек сұрауға мүмкіндік береді. Оның үстіне аурухана толықтай кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесіне қосылған. Пациенттер смартфондағы «Дамумед» қосымшасы арқылы қаланың қай бұрышында жүрсе де дәрігердің қаралуына жазыла алады. Марат Орынбасарұлы мекемені заман талабының толықтай үдесінен шығарып отыр. Қайтсем де науқастардың жағдайын жасаймын деген талабы өз жемісін беріп келеді. Мәселен биыл облыстық клиникалық аурухана «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан республикасы Кодексінің сыртқы кешенді бағалау нәтижелері және аккридеттеу комиссиясының шешімімен аккредиттелген жоғары санатты медицина ұйымы деп танылды. Әзірге Оңтүстікте әлі бірде-бір емдеу мекемесі бұлай мойындалған емес. Ал, былтыр аурухана базасында ашылған 30 төсек орынды инсульт орталығы Қазақстан республикасында үздік деп танылған болатын. Сонымен қатар Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен сегіз жыл бұрын құрылған гепатоцентр де 2017 жылы еліміздің үздік орталығы деп мойындалды.
Марат Орынбасарұлына қызметінде зор табыс тілейміз!