Көше шамдарының таңғы уақытта ерте өшірілуі немесе қысқы кестеге сай желтоқсанда бір-ақ жануы тұрғындарға тиімсіз. Ересектерді былай қойғанда, ертелетіп мектепке баратын оқушылардың жеке қауіпсіздігі үшін таңғы жарық қажет кезінде жағылса екен.
Бәйдібек ауданының орталығы Шаяндағы М. Әуезов мектебінде таңертеңгі жаттығу 7.45-те, сабақ 8.00-де басталады. Кешікпеу үшін оқушы үйінен 7.15-7.30-да шығады. Қазан айының ортасынан бастап, күн кеш шығатындықтан, қарашада таңғы сағат 7.00-8.00 арасында даланы қараңғылық басып тұрады. Күздің соңғы айында жауын жиі түсетіндіктен, бұлтты күндері таңғы қараңғылықтың түннен айырмасы жоқ. Осы кезде оқушылар аяқ жолын әзер көріп, қаңғыбас иттерден сақтана жүріп сабаққа барады. Жақында Шаянда таңғы сағат 7.30-да мектепке келе жатқан Мейіргүл есімді мұғалімді көшенің ортасындағы жолаушылар өтетін жолақта көлік қағып кеткен. Егер көше жарық болса шофер алыстан адам сұлбасын көрер еді. Ауылда жүрген аптаға жуық уақытта таңертең 8-сыныптағы сіңлімді мектепке дейін шығарып салып жүрдім. Қайтар жолда ауылдың жоғары жағындағы мектепке бара жатқан бастауыш сынып балаларын байқадым. Үйі алыста болғандықтан, кішкентай балалар мектепке ерте барады екен. Оның үстіне ұрыдан сақтану үшін тұрғындар түнге қарай итін босатып қояды. Оқушылардан бұрын ересек деген өзім сіңліммен жүргенде әр бұрылыстан қабаған ит немесе бөгде адам шығып қалатындай жүрексінгенім рас. Осыдан кейін Бәйдібек аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының міндетін атқарушы Марат Ержановтан мұның себебін сұраған едік. Марат Лесбекұлы қысқы мерзімге көшкенде ғана таңертеңгі шамдар жағылатынын айтты. Әзірге аудан орталығындағы елу шақты көшенің негізгі 13-і жарықтандырылыпты. Биыл желтоқсан басталғалы 1 аптаға кешіккен жарық таңертең 7.00-8.00, кешкі 18.00-22.00 (бұған дейін кешкі жарық 19.00-24.00) аралығында қосылады. Бұл жылдағы кесте екен.
Көше шамдары халықтың қауіпсіздігі үшін жағылады. Қазан, қарашада тас қараңғы көшелер желтоқсанда жарқырағанмен, қаңтардан бастап күн ұзарып, қалған екі айда көше шамдарының жарығы қарашадағыдай маңызды болмайды. Марат Лесбекұлы осы әңгімеден кейін келесі жылдан бастап таңғы жарықты қарашадан бастап қосуды қолға алатынын айтты.
Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Бектұрсыновтың айтуынша, қысқы маусымға көшкелі қарашадан бастап жарық кешкі 17.50 -ден таңғы таңғы 08.00-ге дейін жанып тұрады. Күннің ұзаруы мен түннің қысқаруына орай әр айда шам жағу кестесі белгіленетінін, қазіргі таңда таңғы сағат 08.00-де күн жарық болатынын меңзеуде. Әлі қыстың басы екенін, тұман жиі түсетіндіктен қараңғылықтың сейілмегенін алға тартқанымызда, ертеңгі уақытта тағы бір байқап, соған сай жарық жағуды тураламақ ойын білдірді.
– Кей күндері қалың бұлт болып, таңғы уақытта қараңғы болатыны рас. Қала бойынша жобамда 33 мыңнан астам электр бағандарының бәрі автоматты түрде бір уақытта жанып, бірдей сөнеді. Ауа-райының өзгеруіне қарап оны күн сайын ауыстыра алмаймыз. Бірақ таңның атуы мен күннің батуына орай, ай сайын кесте жасап, шам жағудың уақытын белгілеп тұрамыз. Биыл қараша өтіп кетті. Келесі жылдың күзінде жарықты таңғы 08.30- ға дейін қосуды қолға аламыз,- деді Нұрлан Бектұрсынов.
Шымкент қаласындағы Қаратау ауданына қарасты Нұрсат шағын ауданының тұрғындары таңсәріде электр шамдарының 08.00-ге жетпей өшіп қалатынын әлеуметтік желіде бірнеше рет жазды. Көктемге дейін жауынды, бұлтты күндер жиі болады. Осы ретте тиісті басшылар халықты қараңғыда қиналтпай, жарықтың керек кезде жануын қадағалап тұрса деген тілегіміз бар.
Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ,
Шымкент қаласы