Түркістанда инвесторлармен өткен ашық кездесудің өзінен-ақ бүгінгі экономикалық саясаттың бағытын аңғаруға болады. Бұрын инвестиция дегенде көбіне қаржы көлемі, жаңа кәсіпорын, жаңа жұмыс орны туралы айтылатын. Қазір мәселе бұдан әлдеқайда кең. Инвесторға қолайлы жағдай жасау, оның құқығын қорғау, өндірістің жолындағы әкімшілік кедергілерді алып тастау, жобаны қағаз жүзінде емес, нақты іске қосылғанға дейін сүйемелдеу – экономиканың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі шарттардың біріне айналып отыр.
Түркістандағы кездесуде де осы мәселелер ашық айтылды. Инвесторлар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, мемлекеттік органдар өкілдерінен нақты жауап алды. Яғни, бұл жолы сөз жай есеп беру немесе инвестиция көлемін атаумен шектелген жоқ. Кәсіпкердің өндіріс ашуына не кедергі, қандай мәселе мемлекеттік органдардың араласуын қажет етеді, қай жерде заң талаптары бұзылуы мүмкін деген сауалдарға басымдық берілді.
Кездесуге ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров, мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.
Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Мемлекет басшысының тарихи шешімі еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартқанын айрықша атап өтті.
«Президент Жарлығына сәйкес Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары берілді. Ал оның жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Комитеттің негізгі мақсаты – инвестордың мәселесі туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, мүмкіндігінше оның алдын алу. Ал ең бастысы – инвестор өз құқығының қорғалатынына сенімді болуы тиіс. Біздің міндетіміз де сол – осы сенімді ақтау», – деді Жандос Өмірәлиев.
Бұл жерде мәселенің мәні тереңде жатыр. Инвестордың сенімі дегеніміз – экономика үшін жай ғана жақсы көрсеткіш емес. Кәсіпкер қаржысын қайда салатынын таңдағанда бірінші кезекте елдегі заңның тұрақтылығына, мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне және өз құқығының қаншалықты қорғалатынына қарайды. Бір жобаның жолындағы негізсіз кедергінің жойылуы кейде бір ғана кәсіпорынның емес, тұтас саланың дамуына әсер етуі мүмкін.
Әсіресе өндірістік жобалар үшін бұл маңызды. Себебі зауыт салу – бір ғимарат тұрғызумен бітпейді. Оған электр энергиясы, газ, су, жол, жер телімі, инженерлік желілер, рұқсат құжаттары, шикізат, логистика және дайын өнімді өткізу нарығы қажет. Осы тізбектің бір жерінде мәселе туындаса, миллиардтаған теңге салынған жоба тоқтап қалуы ықтимал.
Түркістан облысында мұндай тәуекелдерді алдын ала азайтуға басымдық беріліп отырғаны байқалады. Бүгінде облыс прокурорлары жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 219 инвестициялық жобаны сүйемелдейді. Оның ішінде Ұлттық инвестициялық пулда – 175 жоба, өңірлік пулда – 44 жоба бар. Жыл басынан бері облыста жалпы сомасы 920 млрд теңге болатын 27 инвестордың құқығы қорғалып, 30 инвестициялық кейс шешімін тапқан. Сонымен қатар 25 заңсыз әкімшілік іс бойынша келісім беруден бас тартылып, 23 инвесторға қатысты негізсіз тексеру тоқтатылған.
Бұл сандардың артында нақты өндірістер мен нақты кәсіпкерлер тұр. Мәселен, «Central Asia Aluminum Company» жобасын алайық. Құны 4,4 млрд теңге болатын алюминий профильдерін өндіру жобасын іске асыру кезінде кәсіпорынға қажетті табиғи газ көлемін алу мәселесі туындаған. Прокуратураның араласуымен бұл мәселе шешіліп, өндіріс іске қосылды. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны құрылды.
Тағы бір мысал – «Қарқын Трейд» ЖШС-ның 10 млрд теңгеден асатын ет өңдеу зауыты. Мұнда да прокурорлық сүзгі арқылы инвестициялық жобаның іске асуына кедергі келтіруі мүмкін шешімнің алдын алу мүмкін болды. Инвестор қажетті рұқсаттарын алып, құрылыс жұмыстарын бастады.
Мұндай мысалдардың маңызы Түркістан үшін ерекше. Өйткені өңірдің экономикалық құрылымы біртіндеп өзгеріп келеді. Бұрын облыс экономикасы туралы сөз болғанда ауыл шаруашылығы мен сауда бірінші кезекте аталатын. Қазір оған өнеркәсіп, өңдеу, логистика, құрылыс материалдарын шығару, тамақ, тоқыма, машина жасау және басқа да өндірістік бағыттар қосылып отыр.
Бұл – жаңа өнеркәсіптік саясаттың өңірдегі нақты көріністерінің бірі. Оның негізгі мақсаты тек шикізат өндіру көлемін көбейту емес, сол шикізатты мүмкіндігінше өзімізде өңдеп, дайын өнімге айналдыру. Яғни экономикалық тізбектің соңғы буынында қосымша құн қалыптасуы керек.
Түркістан облысының соңғы көрсеткіштері бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар екенін көрсетеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында өңірде 873,3 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайыз. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 423,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 150,8 пайызды құрады. Тау-кен өндірісінде де өсім бар, алайда өңдеу саласының қарқыны анағұрлым жоғары.
Бұл көрсеткіштерге жай ғана статистика ретінде қарауға болмайды. Өйткені өңдеу өнеркәсібінің өсуі – өңір экономикасының сапалық өзгеріп жатқанын білдіреді. Шикізатты қазып алып, сыртқа жөнелту бір басқа да, одан дайын немесе жартылай дайын өнім шығарып, оны нарыққа ұсыну бір басқа.
Мемлекетке де керегі – осы екінші бағыт. Себебі өңдеу кәсіпорны айналасында ондаған қосалқы өндіріс қалыптасады. Бір кәсіпорын шикізат алады, екіншісі оны өңдейді, үшіншісі қаптама шығарады, төртіншісі тасымалдайды. Осындай өндірістік тізбек пайда болған сайын жергілікті қамту деңгейі артып, импортқа тәуелділік азаяды.
Бүгінде Қазақстан алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі де – осындай берік өнеркәсіптік қалқан қалыптастыру. Бұл ұғымды тек қорғаныс өнеркәсібімен байланыстыру дұрыс емес. Берік өнеркәсіптік қалқан дегеніміз – елдің ішкі нарығын қажетті өніммен қамтамасыз ете алатын, сыртқы нарықтағы өзгерістерге төтеп беретін, маңызды тауарларды өз ішінде өндіретін және дағдарыс кезінде өндірісін тоқтатпайтын экономикалық база.
Түркістанның бұл бағыттағы мүмкіндігі мол. Бір жағынан, облыста ауыл шаруашылығы шикізаты жеткілікті. Екінші жағынан, еңбек ресурсы бар. Үшінші жағынан, өңірдің географиялық орналасуы мен көлік-логистикалық әлеуеті өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан ендігі міндет – осы артықшылықтарды бір-бірімен байланыстырып, шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыру.
Өңірде бұл бағыттағы жұмыс та қарқын алып келеді. 2026 жылы өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында жалпы құны 34,7 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Ал 2025 жылдың қорытындысында облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 596,1 млрд теңгеге жетіп, 2018 жылмен салыстырғанда 3,6 есеге өскен. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі де артып келеді.
Мұның бәрі өңірдің инвестициялық саясатына қойылатын талаптың да өзгергенін көрсетеді. Енді кез келген инвестиция құптала бермеуі керек. Қай жоба жаңа технология әкеледі, қайсысы импортты алмастырады, қайсысы жергілікті шикізатты өңдейді, қанша жұмыс орны ашылады, қанша салық түседі, өнімнің қанша бөлігі жергілікті жерде өндіріледі деген сұрақтар алдыңғы орынға шығуы тиіс.
Яғни инвестицияның көлемінен гөрі оның сапасына мән беретін кезең келді.
Бұл тұрғыда оқшаулау үлесі жоғары өндірістердің маңызы ерекше. Өйткені өндірісте қолданылатын негізгі бөлшектер мен материалдардың басым бөлігі шетелден келсе, кәсіпорын сыртқы нарықтағы бағаға, валюта бағамына және логистикалық жағдайға тәуелді болып қалады. Ал өндіріс жергілікті шикізат пен жергілікті компоненттерге сүйенген сайын оның тұрақтылығы да артады.
Түркістанда индустриялық-инновациялық дамудың жаңа кезеңі дәл осыған негізделуі тиіс. Өңірде тек дайын өнім құрастыратын емес, оның құрамдас бөліктерін де шығаратын кәсіпорындар көбейгені жөн. Бұл шағын және орта бизнестің өндірістік кәсіпорындармен байланысын күшейтіп, жаңа кооперациялық тізбектер қалыптастырады.
Өнеркәсіптің дамуы үшін өндірістік инфрақұрылымның да маңызы зор. Осы мақсатта облыста өндірістік парк құрылысы жүріп жатыр. Жобаға 138 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 150 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар Түркістанда жаңа индустриялық аймақ құру мәселесі де қарастырылуда. Жоба аясында өндірістік корпустармен бірге инженерлік инфрақұрылым, бондтық қоймалар, сервистік орталықтар секілді қажетті нысандар қарастырылған.
Бұл – инвестиция тартудың жаңа тәсілі. Яғни кәсіпкерге «кел де, өзің бәрін жаса» деген ұстанымнан біртіндеп дайын өндірістік орта қалыптастыруға көшу. Инвесторға жер телімін ғана емес, инфрақұрылымы дайын алаң ұсыну өндірістің іске қосылу мерзімін қысқартады.
Қазір Түркістан облысында 2026–2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын портфелі қалыптастырылған. Оның құрамында 122 жоба бар, оларды іске асыру нәтижесінде 17 820 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Тек биыл құны 336,5 млрд теңге болатын 51 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бұған негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің өсуін қосыңыз. 2026 жылдың алғашқы алты айында облыс экономикасына 894,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 834,1 млрд теңгесі, яғни 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасқан. Бұл көрсеткіш те инвесторлардың өңір экономикасына деген қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады.
Алайда инвестицияның келуі – жұмыстың жартысы ғана. Ең маңыздысы – сол инвестицияның нақты өндіріске айналуы. Қағаздағы миллиардтар зауытқа, цехқа, жаңа технологияға және жұмыс орнына айналмайынша, оның экономикалық тиімділігі шектеулі болады.
Сондықтан прокуратураның инвестициялық жобаларды сүйемелдеуі осы жерде маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік органдардың әрекеті заңға сай болуы, инвесторға қойылатын талаптардың негізділігі, тексерулердің заңдылығы, рұқсат құжаттарының берілуі сияқты мәселелердің уақытында шешілуі өндірістің тағдырына тікелей әсер етеді.
Өңірде инвесторлармен тікелей жұмыс та күшейтілген. Invest Caravan 2026 акциясы аясында қала және аудандарда инвесторлармен 29 кездесу ұйымдастырылған. Мұндай кездесулердің пайдасы – кәсіпкердің мәселесі жоғарыға жеткенше айлап күтудің орнына, оны сол жерде талқылап, тиісті мемлекеттік органның алдына нақты міндет қоюға мүмкіндік береді.
Бас Прокурордың бірінші орынбасары инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, прокурорлық сүзгі, жүйелі проблемаларды шешу және дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері инвесторлардың құқығын қорғаудың негізгі бағыттары екенін атап өтті.
«Инвестордың бір мәселесін шешу – бір жобаны сақтау. Ал жүйелі мәселені шешу – ондаған, жүздеген жобаның жолын ашу», – деді Жандос Өмірәлиев.
Бұл сөздің Түркістан үшін салмағы бар. Себебі бір инвестордың газ мәселесін шешу тек бір кәсіпорынға пайда әкелуі мүмкін. Ал газға, электрге, жерге, инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселе шешілсе, сол салаға келетін бірнеше кәсіпорынның жолы ашылады.
Түркістанның алдында тұрған міндет те – осы жүйелілікке көшу. Өңірге инвестиция тарту ғана емес, сол инвестицияны жоғары қосылған құны бар өндіріске бағыттау керек. Өңдеу өнеркәсібін жедел дамыту, импортты алмастыратын өнім шығару, жергілікті қамту үлесін арттыру, инновациялық технологияларды енгізу, жаңа өндірістердің айналасында шағын және орта бизнестің кооперациясын қалыптастыру – индустриялық дамудың негізгі тіректеріне айналуы тиіс.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті бір-бірінен бөлек қарауға болмайды. Түркістан – аграрлық әлеуеті жоғары облыс. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сатпай, оларды өңдейтін кәсіпорындарды көбейту аса маңызды. Ет, сүт, мақта, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да өнімдерді терең өңдеу арқылы ішкі нарыққа қажетті тауар өндіріп қана қоймай, экспортқа шығуға мүмкіндік бар.
Мәселен, ет өңдеу зауытының жобасы осы бағыттағы мүмкіндіктің бір көрінісі. Егер өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен оны өңдеу арасында тұрақты байланыс қалыптасса, бұл фермер үшін де, кәсіпорын үшін де тиімді. Бірі үшін тұрақты өткізу нарығы пайда болса, екіншісі үшін тұрақты шикізат базасы қалыптасады.
Түркістанның экономикалық келбеті осындай өндірістік байланыстар арқылы өзгеруі мүмкін. Бүгінде облыстың жалпы өңірлік өнімі 5 трлн теңгеге жетіп, соңғы сегіз жылда үш есеге өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де 2018 жылғы 438,6 млрд теңгеден 2025 жылы 1 трлн 596,1 млрд теңгеге дейін ұлғайған.
Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштер бұл қарқынның жалғасып отырғанын көрсетеді. Өңірдің қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші 126,3 пайыз болып, республика бойынша бірінші орынға шықты. Өнеркәсіппен қатар құрылыс, сауда, көлік және басқа салаларда да өсім бар.
Бірақ экономикалық өсімнің тұрақты болуы үшін оның құрылымы да сапалы болуы қажет. Тек құрылыс пен сауданың өсуі жеткіліксіз. Экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығын өндіріс қамтамасыз етеді. Өйткені өндіріс – технология, жұмыс орны, салық, экспорт және жаңа кәсіпкерлік тізбектер деген сөз.
Сондықтан Түркістандағы қазіргі инвестициялық саясатты бір ғана көрсеткішпен өлшеуге болмайды. Қанша ақша келгенімен қатар, сол қаржы қандай салаға бағытталды, қандай өнім шығарылады, оның қанша бөлігі жергілікті жерде жасалады, қанша жаңа жұмыс орны ашылады деген сұрақтарға жауап маңызды.
Сондықтан Түркістанда инвесторлармен өткен кездесудің мәнін бір ғана жиынның аясында қарау аздық етеді. Бұл – өңір экономикасының қай бағытқа бет алғанын көрсететін маңызды белгі. Мемлекеттік органдар инвесторға кедергі келтірмей, керісінше заң аясында оның құқығын қорғап, өндірістің дамуына жағдай жасай алса, жаңа кәсіпорындар да көбейеді.
Ал жаңа кәсіпорын көбейсе – жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс ұлғайса – салық түсімі артады. Өңдеу тереңдесе – қосылған құн ел ішінде қалады. Жергілікті қамту артса – сыртқы тәуелділік азаяды.
Түркістан үшін инвестицияның түпкі мәні де осында.
