Қоғамдық көліктегі мәдениетті кім қалыптастырады?

Screenshot_2.jpg

Көрнекі фото

Шымкенттегі қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары көбіне жолаушыға мәдениетті қызмет көрсетпейді. Адамды толтырып алса да, ағаш тасығандай бір-бірімен жарысады. Жүйкеге тиетінін ойламастан әуенді барынша қатты қояды. Әр аялдама сайын алдыңғы аялдамалардың аттарын айқайлап айтады. Халықтың алдында ертелі-кеш еңбек етіп жүргеніне рахмет, дегенмен сол «қызметі» қашан қалалық мәдениетке сай болады екен..? 

Бірде №4 бағыттағы автобус шофері шетелдің әнін бар даусын көтере тыңдап отырды. Айналамдағы үлкен-кішіге жақпасы белгілі. Бірақ үндемеді. Маған кері әсер еткен соң, музыканың даусын бәсеңдетуді сұрап едім, жүргізуші «маған айтып тұрсыз ба?» дегендей, айнадан көзілдірігімен жақтырмай қарады. Түрінде «сіздің міндетіңіз автобуспен межелі жеріңізге жету, қандай әуен тыңдайтынымызды өзіміз білеміз» деген паңдық бар. 12 желтоқсан күні тағы №4 автобустың ( №785 DSA 01) шофері әуенді қатты қойып, кетіп барады. Кондукторға ескерттік. Жай қойғансығанмен, бесәңдетпеді. Сосын қасына барып айттық.  «Кейде даусын шығарып тыңдағанды қалайтын жолаушылар да бар» деді шофер. «Өзіңізге шамалап  даусын пәсейтсеңіз жетпей ме, мүмкін жолаушылар тыңдағысы келмейтін шығар. Қариялардың басы ауырады ғой» дегенімізді жақтырмады. «Жолыңыздан қалмай түсе беріңізші» деді кондукторы. Артымнан келген егде әйел «музыканы жәй тыңдау керек, басымыз ауырып кетті» деп қоштады. Мүмкін жолаушылар айта-айта шаршады ма, әлде осылай қызмет көрсеткенге үйренген бе, дыңғырлаған әуен жүйкесіне тисе де отыра береді. Жоғарыда автобустың номерін бекер көрсеткен жоқпыз. Басшысына айту үшін дәлел керек. № 4, №111, №53 бағыттары бойынша қоғамдық көлік жүргізетін №4 автокомбинаттың бастығы Бақыт Ермекбаевқа көргенімізді айттық.  

– Қарашаның соңында барлығына жиналыс өткізгенмен. Онда әуелі  халыққа мәдениетті қызмет көрсетуді талап еттім. Сосын, екінші жолаққа емес, аялдаманың қасына тоқтауды қайталаймын. Адамдардың толық түсуі мен мінуін қадағалауды ұмытпауын өтінемін. Әсіресе, бір жолаушыға бола алып-ұшып жарыспауды қатты тапсырамын. Әуен даусын қатты қоймау, кондукторлардың айқайламауы, дөрекі сөйлемеуі әр жұмадағы «Қозғалысты сақтау күнінде» айтылады. Таңертең автобустар толық тексеруден өтерде  тағы ескертіледі. Сіз айтқан көліктің жүргізушісі мен кондукторға түсініктеме жаздырып, өзгелерге айтамын,  - деді Бақыт Нәрікбайұлы. Сөзін іспен дәлелдегісі келді ме, сәлден соң әлгі автобус шоферіне менің телефонымды беріп, сондағы қылығы үшін кешірім сұрауды талап ететінін айтты. Кешірім сұрайтындай аса айыбы болмаса да, бізге қоңырау шалған Әлібек есімді шоферге сабақ болсын дедік. «Кешірім жасай отырып», жолаушыны сыйлауды біз де қайталадық. Осыдан кейін Бақыт Нәрікбайұлы Әлібектен түсініктеме алып, ескерту бергенін, ертең таңғы  жиналыста әріптестерінің алдында айтатынын, екінші рет осындай шағым түссе бірге жұмыс істемейтінін білдіріпті.    

Күзде, нақтырағы 25 қазан күні  №20 бағыттағы автобусқа (№122) отырғанымда жүргізуші «минутына» үлгере алмады ма, қатты жүрді. Алдыңғы есіктің қасындағы тіреуден аяғы ауыр келіншек тас қылып ұстап алыпты. Егер автобус қатты келе жатып, бірден тежегішін басса келіншек құлайтын еді. Әйелдің өзіне немесе сәбине зақым келсе оның емделу шығынын кім өтейді? Жүргізуші ме, әлде сол көлік компаниясы ма? Кондуктор соның бәрін көріп жүр, автобус тола халықта үн жоқ.  Қайтарда тағы №20 бағыттағы (№107) автобусқа отырдым. Ол да құйғытып келді. Бұл жолы да шоферден баяу жүруді талап еткен бір жолаушы болған жоқ. №20 маршрут тиесілі жеке кәсіпкер Бақтияр Әбдуғаниев шағымымызды тыңдаған соң, біз айтқан номердегі жүргізушілермен жеке сөйлесіп, шара көретінін білдірді. Аптасына бір рет профилактикалық сабақ өткізеді екен. «Ескертеміз, бірақ былай шыға бере айтқанды орындамайды» дейді. Өткен жылы №19 автобус Самал базарына жақын бір аялдамадан 10-12 жасар баланы түсіріп үлгерместен жүріп кетті. Қатты жылдамдықтан баланың жамбасымен цементке құлағаны шофердің қаперіне кірген жоқ. Егер, айыбын түсінетін адам болса тоқтап, баланың жағдайын сұрар еді. Мүмкін жамбасына зақым келген шығар? Ол кезде автобуста компанияның WhatsApp номері жазылып тұрған. Соған болған жайтты жазғанымызда, шоферге шара көретінін айтып жауап жазды. Қала ішінде 22 бағытқа қатынайтын, соңғы кезде автобустарын жаңартып жүрген ірі көлік компаниясының өкілі әр он күнде колонна басшылары жүргізуші мен кондукторға жиналыс жасайтынын, ай  сайын басшының орынбасары ретінде өзі тағы жиып, сөйлесетінін айтуда.  

«Олар халыққа күн сайын тікелей қызмет көрсетеді. Ауызбен айтқанмен жеткілікті түсінбейтін шығар деп, психолог шақырып арнайы оқу-жаттығу тренингтерін өткіздік. Күнделікті парк кезекшісі, колонна басшысы,  маршруттың бригадирі, жол және техника қауіпсіздік инженерінің де айналып келгенде міндеті осы – жолаушылардың қауіпсіздігін сақтап, мәдениетті қарым-қатынас жасауды ұмыттырмау. Шофердің үстінен түскен шағымның растығы дәлелденсе оған қоқыс тазалату сынды төмен жұмыстарды істетеміз. Кондукторларға арасында қазақша атауларын айтуларын талап етеміз. Халықтан шағым жалпылама келеді. Яғни, нақты бір автобус шоферінің атын атап, көліктің номерін, сол күнді жазып жіберсе кімді айыптау белгілі болар еді. Оны көпшіліктің алдында шығарып, шара көріп, кемшілігі үлкен болса жұмыстан шығарамыз. Басқа шоферлер ертең өзі осы күйге түспеуі үшін, аяғын тартып жүреді. Кім екені белгісіз болғандықтан, ескертуді бәріне айтамыз. Ол бір құлағынан кіргенмен, екіншісінен шығып кетеді. Жалпылама айтқан соң «болды» дейді де, шығып алып өздеріне қолайлысын істей береді. Ешкім жазаланбайды. Әр шоферден мәдениетті болуын талап етемін. Бірақ жұмыс кезінде әрқайсысының басында тұра алмаймын ғой. Сіз, біз болып жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын арттырсақ екен»  деді, аты-жөні мен қызмет орнын атағысы келмеген компания өкілі. 

№121, №65 маршруттарға иелік ететін  «Санжар Моторс» ЖШС бастығының көмекшісі  Бердібай Алтаевқа №121 газельдің арасы тым ұзап кеткенін мысал еттік. Екі-үш рет 30 минуттай күткеніміз бар. Өзгелерге айтқан кемшілікті де тізбектедік. 

– Таңертең 10 газель шығады. Бірақ бұзылған көліктер жөндеуге кеткенде аралары үзіліп қалады. Болмаса халықтың аз мінетінін сылтау етіп,  маршрут санын қысқартқан емеспіз. Егер «гонкаға» түскен шофер белгілі болса сөгіс ретінде келесі рейске шығармай, қалтасынан қағамыз. Ескерту, түсіндіру күнделікті міндетіміз. Адамның санасында болмаса 2-3 айтқан соң түзелмесе, жұмыстан шығарамыз. Онымен қоймай өзге көлік компанияларына өз ісіне салғырт қарайтыны жайлы теріс мінездеме беріп, жұмысқа тұруына кедергі келтіреміз. Сосын Кеңес кезіндегідей емес, кондукторларды арнайы даярлайтын орталық жоқ. Біріне түсіндіргенмен, жақсы жұмыс тапса шығып кетіп, екіншісі ауысып жатады. Тұрақтылық болмаған жерде тәртіп бола бермейді, - деді. 

Төрт компания басшыларына жолаушы ретінде көңіліміз толмаған жайларды осылай жеткіздік. Жүргізушілер енді қорытынды шығарса дейміз. 

Ал мұндай ерсі әрекеттерге Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қояр талабы қандай деген оймен,  басқарманың жолаушы көлігі бөлімінің бастығы Наурыз Сүгірәлиевке де алдыңғы сауалды қойған едік. 

– Көлік компанияларының бәрі жекеменшік болғасын жүргізуші мен кондукторды жұмысқа өздері қабылдайды. Сондықтан жолаушылармен мәдени түрде жұмыс істеуін компания басшылары талап етеді. Біз қауіпсіздік инженерлерін жинап, орын алған кемшіліктерді айтамыз. Инженерлер жұмысқа қабылданған мамандарға  нұқсаулық бойынша сабақ өтіп, ережені үйрететіні рас. Тек, бәрі орындай бермейді ғой. Былтыр кезегімен барлық компаниялардың  кондукторларымен жұмыс алдында жолығып, қауіпсіздікті сақтау, жолаушымен жақсы қарым-қатынас жасауды жекелеп ескертіп шықтық. Апта сайын қоғамдық көлікпен жүріп, бақылау жасаймыз. Әр аялдамаға келгенде алдыңғы аялдамаларды кондуктор сыртқа түсіп, хабарлап айтады. Компаниямен арадағы келісім-шарт талабына сай, кондуктордың осы әрекетіне шара көруге құқымыз жоқ. Қалалық әкімдіктің WhatsApp нөміріне, инстаграм әлеуметтік желісіне халықтан күн сайын 20-30 шақты шағым түседі. Бақылау кезінде әбес қылықтарын өзіміз де видиоға түсіріп, басшыларына жолдаймыз. Әрқайсысы өз міндеті бойынша жауап береді. Бірақ, «неге аялдамаларды дауыстап айтпайды» деген жолаушылар болды. 3-4 көлік қатар келгенде қаланы білмейтіндер немесе қарт кісілер үшін бағытты хабарлап айтқан тиімді. Осы жерде жолаушыға бағыттар жазылып тұрғанын, олай дауыстап хабарлау қаланың мәдениетіне сын екенін түсіндіреміз.  

2019 жылдың басынан үш бағыттағы көлікті электронды төлем жүйесіне көшіреміз. Пилоттық жоба ретінде. Халық әбден үйренген соң, кондукторлар жұмыстан қысқарады. Бұл іске бюджеттен қаржы бөлінбейді. Өздері инвестор болатын кореялық компаниямен келісім-шарт жасалды. Технологиясын жақында енгізеді. Ең бірінші электронды билет Кореяның Сеул қаласында қолданылыпты. Мысалы, Алматыда кондукторларды бірден алып тастап еді, арты айқай-шуға ұласты. Қазір халық біртіндеп үйренген соң, кондукторлар қысқаруда. Астанада оңайырақ жүрді. Оларда үлкен автобустарда кондукторлар болғанмен, кіші маршруттарда жоқ. Халықты автобустың алдыңғы есігінен мінгізіп, артқы есігінен түсіреді. Біз соны әдейі көріп келдік. Жолаушылар жаңа тәртіпке үйренген. Карточкасында ақшасы болмаса жүргізушіге төлейді. Шофер чек шығарып береді. Жүргізушілер өздеріне берілген жоспарды орындау үшін жолаушыны көбірек алғысы келіп жарысады,- дейді. 

«Санжар Моторс» ЖШС бастығының көмекшісі  Бердібай Алтаевтың «электронды билет қондырылса жүргізушілер айлыққа жұмыс істейді. Жарысу тоқтайды. Аялдама аты хабарлап айтылмайды. Әр аялдамада тұратын секундомердің қызметі жойылып, кондуктор да бірте-бірте шығарылады. Сонда жүргізуші кестемен, белгіленген уақытпен ғана жүретін болады» дегені ойымызға түсті.    

Наурыз Болысбекұлы кейбір жолаушылардың кемшілікті көрген кезде кондукторға да, өздеріне айтатынына ризашылық білдірді. Енді басқалары көре тұра кондукторға үндемей, әлеуметтік желіге салып, БАҚ беттеріне жариялайтынына наразы. «Осы кемшілігін көргенде кондукторға бір ауыз ескерттіңізбе?» десек, «оларға айтып не қыламын, бақылайтын сендер барсыңдар ғой» дегенге келтіреді. Қоғамдық көліктің негізгі мақсаты – жолаушыларды тасымалдау. Ал, кондукторлардың өрескел қылығы мен шофердің жарысқаны үшін компаниямен жүргізілген келісім-шартты бұзу заңға сәйкес келмейді. Өйткені, жұмысшыларының мәдениетсіз қылықтары үшін шара көруге бастығының ғана құқы бар. Біз тек айтып, түсіндіреміз. Бүгінде жекеменшік компаниялардың яғни кәсіпкерлердің жұмысын дамыту үшін, оларға артық талап қойып, жұмыстарын жиі тексеруге тиым салынған.  Кондукторлар халыққа мәдениетті түрде қызмет жасамаса шара көруге құқымыз болуы үшін Көлік комитетіне ұсыныс жібердік. Кеше бір теледидар журналистері №14 маршрут оқушыларды мінгізбегенін айтты. Тексерсек кешкі қарбаласта оқушылар сыймай қалыпты. Сосын оларға көлік санын көбейтуді тапсырдық. Әрі мектептің жұмыс кестесін алып, сол аялдамада қосымша бір-екі көлік қоятын болды.   

Жүргізушілердің өздерін еркінсуіне олардың тапшылығы да себеп.  Талапты бұзғаны үшін жұмыстан шығарғанмен, келесі көлік компаниясына кіруге оның құқын ешкім шектемейді. Ал, Шымқалада көлік компаниясының саны – 27, 79 бағытқа 54 үлкен, 25 шағын автобустар қатынайды.  

Әрі таңертең сағат 05.00-де тұрып, кешкі 8-9-ға дейін жұмыс істейді. Көлігін базаға апарып, үйіне қайтқанша сағат түнгі 22.00-ге барады. Кондуктордың да жұмысы оңай емес. Бірақ, сонда да көпшілікпен мәдениетті жұмыс істеуін  талап етеміз.

Өткен жылы ескі аялдамалардың атауы жиі айтылатын. Жаңа қазақша  атауын барлық компанияларға хатпен жолдадық. Енді ол жерде кондукторлардың бірі келсе, бірі кететіндіктен, көпшілігі аялдамаларды ескі атауымен айтады» дейді Наурыз Болысбекұлы. 

Қоғамдық көліктегі бейәдеп қылықтарға көңіліңіз толмаса сол сәтте видиоға  болмаса суретке түсіріңіз. Айғағыңыз болмаса, маршруттың нөмері мен сол күнді ұмытпай, анық себебін жазып Шымкент қалалық әкімдігінің WhatsApp номеріне 8777 885 8513 жолдаңыз. Ақша төледіңіз бе, өзіңізді сыйлауды талап етуге құқыңыз бар. Бірігіп, қалалық мәдениетке сай қызмет етуіне үлес қосайық. 

Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, 

Шымкент қаласы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер