Сыр сақтай білесіз бе?

«Сырласу, сырыңды ашу – жаныңды, құпияңды, қымбатыңды сол сыр ашқан адамның қолына аманат қып тапсырғанмен бірдей. Енді сені: ақтай ма, жақтай ма, табалай ма, қаралай ма, басына ма, сырыңды жасыра ма – оны өзі біледі. Сен: ішкиіміңді соның қолына беріп қойып, өзің оның алдында тұрған жалаңаш адам сияқтысың. Енді сенің абыройыңды ашатын да, жабатын да сол адам. Егер ол адамның тәубесі бойында болса, не ол да саған өз жанының құпиясын ашып, жүрегінің кілтін берсе ғана – жаның жай табады. Ендеше: 

Сырласқанмен – сырласпа, 

Сырын ашқанмен – сырлас! 

Сонда екеуің де бір-біріңе кепілдік аманатын тапсырған болып шығасың. Өзің де, ол да тыныш!».  Тұрсын Жұртбай. "Өзіңді танудың төрт сатысы". 

 Сырласа білетіндер көп болғанмен, сырын айтатындар аз. Жазушы сол айтылған сырдың кепілдегі заттай сақталуының маңыздылығына тоқталғандай. Сырды сақтай білу – адамгершіліктің, биік парасаттың белгісі десек те, ол іс жүзінде орындала бермейді. Жалпы, осы сырласу жөнінде өзге кісілердің де пікірін білгіміз келді. 

 Screenshot_4441.jpg

Тұрсынжан ШАПАЙ, жазушы, композитор:

Сыр басқа, пікір басқа 

 Алдымен сырыңды кімге айтатыныңды білу керек. Адам іштегісін кез келгенге ақтара бермейді ғой... Сырыңды сеніп айтатын адам бір-екеу ғана болуы мүмкін. Сыр - дос пен достың, жақын адамдардың арасында ғана айтылатын нәрсе. Ал, басқа жұртқа сенің сырың керек пе, керек емес пе - осы мәселені де білген жөн. Жалпы, көп адамдар біреудің құпиясын ғана емес, жай жүрген-тұрғанын да бақылауға әуес. Мәселен, инстаграмнан шықпайтындар өзгелердің өміріне үңілумен уақытын өткізіп жатқандай көрінеді маған... Той-томалақта, жиналыста, тіпті қарсы алдыңда әңгімелесіп отырып та, әйтеуір, соны парақтап отырады. Әйтеуір - біреудің өмірін қызықтау... Оның несі қызық екенін түсінбей-ақ қойдым. Адам өз өмірін сүру керек. Күні-түні баққаның басқа біреулердің өмірі... Cен қай кезде өмір сүрмексің?!. Және ол бір шынайы өмір болса екен... Шын сыр айтпайтын сыртқы, жылтырақ өмір... Бәріміз соған бейімделіп бара жатқан сияқтымыз. Сондықтан, қазір сыр бөлісуге, бір-бірінің аңсарын тануға деген қажеттілік бар ма екен, қалды ма екен өзі деген де ой келеді. Адам біреуге өз ішіндегі сырын албаты ақтара беруге міндетті емес. Ашылып сыр айтпағаннан бір-бірімізден алыстап та кетпеспіз. Бірақ, қарым-қатынас шынайы болғаны керек. Маған, кейде, өмірдегі қарым-қатынастар да әлеуметтік желідегідей үстірт сипат алып бара жатқандай көрінеді...

Адам, айтпасқа болмас құпиясын, әрине, ең жақын досымен бөліседі. Досым деп сыр айтқанмен, жаңылысқандар болады.  Ішіндегісін сақтай алмайтын кісілер де бар өмірде. Және сонысы, кейде, өзіне таяқ болып тиетіні де рас. Сыр сақтай алмағаннан, немесе, біреудің жарияға шықпауға тиіс сөзін өз мүддесіне пайдаланудан сыйлас, дос, жақын адамдардың арасы бұзылады. Өмірден мұндай ащы сабақ алған жандар да аз емес болар... Мәселен, өз басым, әдепкі қарым-қатынаста ашық адаммын, ойымды да, көп жағдайда бүкпесіз айтуға тырысам. Бірақ сыр айтуға келгенде, «жабықтау», тұйық екенімді білем. Дегенмен, сыр айтатын адамдарым - бар. Біреу, екеу... Тіпті, соның өзінде де, сыр айтудың шегі бар деп ойлаймын... Айтпақшы, сосын жұртқа ойыңды ашық айтудың бәрі сыр емес. Сыр басқа, пікір басқа.

Аузын ашса, көмейі көрінетін аңқылдақ адамдар бар. Бәрін ашық айтуды қалайтын кейбір қоғам қайраткерлері, әр саладағы тұлғалар бар. Бірақ, бұл да – белгілі бір шекке дейін. Бер жағымен өз басы туралы біраз «қызық» нәрселерді жасырмай айтқанмен, арғы жағында жібінен тартып суырпақтасаң да, тракторға байлап тартсаң да шығара алмайтын нәрселер болады, бәрібір. Сыр деген - сол... Кейде өзің үшін ғана маңызды болатын құпияңды сені түсінетін жаңағы... бір-екі адамға ғана айтасың. Осы тұрғыдан келгенде, кез-келген адам тұйық. Кез келген адам «жабық».


Screenshot_441.jpg

Назира БАЙЫРБЕК, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі. 

            Ашық сөйлесу – адамдарды жақындатады 

  Мен өз ойым, қалыптасқан көзқарасым, ұстанымым бар адаммын. Бірақ адам оқып, біліп, жетіліп тумайды, адамды өмір жетілдіреді. Менің де кей көзқарасым, пікірім көру, тәжірибе жинау, оқып, білу арқылы кейде дамып, соған қарай өзгеріп отырады. Көзқарасымды, пікірімді ірікпей айтамын. бірақ, сырымды емес. Дәл менің айтатын сырларым, бір қаламгердің оқырманына айтатын сырлары. Басқаша емес.

Жақсылыққа сенетін адаммын. Сондықтан, «мынаны айтып қоймайыншы, мынау мені сатып кетеді» деп қауіптенбеймін. Бірақ көрінгенмен жақын сөйлесіп, жан сырымды ақтарып кете бермеймін. Дос таңдағанда талғампазбын. Әлде өмірім өзі маған досты таңдап, іріктеп, абайлап жақындататын секілді. Бірден бас салып, кездескен адаммен сырлас болып кеткен емеспін. Керісінше, ең жақын достарымның көбі алғаш танысқанда пікіріміз қайшы келген, пікір таластырған адамдарым екен. Құдай маған достарымды алдымен «теріс жағынан» көрсетіп, сыннан өткізіп барып достастыратындай. Сондықтан, сыр сақтау мәселесінде ешкімнен көңілім қалған емес. Бір жағынан «ел білмесе екен», «біреу біліп қоймаса екен» деп жасыратын сырым да жоқ-ау.  Кез келген адам кейде бір ашылып әңгіме айтады, ашылып ішіндегісін ақтарғысы келеді. Сыртқы ортаң мен ішкі әлемің үндестік тапқанда. Меніңше, ол адамдарды жақындатпаса, алыстатпайды. Сен шынайы болсаң, адал болсаң, ешкімге қиянат жасамасаң, ешкімге жамандық ойлап жүрген жоқ болсаң, несіне қуыстанасың?

Аз сөйлейтіндігімнен болса керек, айналамдағы кейбір таныстарым  «үндемей» қалған деп айтатын. Кейде қыз-келіншектердің ортасында бәрі әңгімеге араласып отырса, ілесе де алмай қаламын. Оларды қызықтырған мәселелер мені онша қызықтырмайды. Сондықтан шығар. Бұл адамдармен араласқанда бір жағынан жақсы, өзің таза сақталасың. Ешкім «менің айтқанымды жариялап қойды» деп кінәламайды. Ал, бұрыс жағы менде, көп қыз-келіншектермен ортақ тақырыпқа сай әңгіме бола бермейді. Сол үшін кейде оқшауланып қалғандай боламын. 

Сауалнама жүргізген Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ, "Рейтинг" газеті 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер