Трансформатор зауытын аралады
Қаратау етегіндегі қарт Кентаудың ажары кіріп келеді. Шаһардағы «Жастар саябағы» өзгеше кейіпке еніп, абаттандырылып жатыр. Демалыс орнын қалаға іс-сапармен келген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аралап шығып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов өңір басышысын «Кентау қаласының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді даму жоспарымен» таныстырып шықты. Жалпы жасалуы тиіс жұмыстардың қатарында көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандырып, шаһардың кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары айтылды. Жиында Өмірзақ Естайұлы Кентау қаласында 1 қабатты тұрғын үйлерді көбейтуге басымдық беруді тапсырды. Бұдан өзге, Түркістан-Кентау тас жолын кеңейтіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Ынтымақ ауылынан бастап, елді мекендерді көркейтуді жүктеді.
Сапар аясында өңір басшысы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-на аялдады. Зауыт бүгінде толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталған. Өндіріс орны электромотор, генератор және трансформаторлар өндіреді. Жобалық қуаттылығы - 20 000 дана. Зауыт 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ондағы өнімнің 60 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 40%-ы Ресей және Орта Азия мемлекеттеріне экспортталады.
Аймақ басшысы шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын назарға алып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.