Қазығұрттың көкөністері шетелге экпортталуда
Аңызға толы киелі Қазығұрт өңірі туристер үшін ғана қолайлы мекен емес.Тау басында Нұқ Пайғамбардың кемесі қалған өлкенің топырағы да құнарлы. Бұл әсіресе жергілікті диқандардың еңбегін еселеп отырғаны сөзсіз. Мамандардың есебінше ауданда өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 35 миллиард 508,4 миллион теңгеге жеткен. Шаруалар өнім көлемін жыл соңына 40 миллиард. 421,4 миллион теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.
Өңірде 2018 жылы егіс көлемі 83 983,1 гектарды құрап, 13 500 гектар суармалы жер толығымен игерілген. 2019 жылдың І тоқсанында егіс көлемі 74413,4 гектарға жетіп, жыл соңына 84000 гектарды игеру межеленіп отыр. Ал суармалы 13 500 гектар жердің 6780 гектары игеріліп, жыл соңына 100 пайыз орындалатын болады. Тамшылатып суғару әдісі биыл өңірде 4048 гектарға ендірілмек.
Бұдан өзге, ағымдағы жылдың І тоқсанында 9,1 гектарға қосымша жылыжай ұлғайтылып, оның жалпы көлемі - 139,1 гектарға жетті. Осы жылыжайлардан 2018 жылы 38,8 мың тонна, 2019 жылдың І тоқсанында 9,7 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды. Сондай-ақ, 2018 жылы дәндік жүгеріден - 2570 тонна, көкөністен - 51500 тонна, бақшадан – 14 200 тонна өнім жиналды. Ал масақты дақылдардан 103 052,3 тонна өнім жиналды. Бидайдың орташа өнімділігі 24,5 центнерге артқан. Ауданның көкөніс, бақша дақылдары отандық нарықтан өзге Өзбекстан, Ресей,Қытай, Иран мемлекеттеріне де экспортталуда.