Cарыағашта ақылды жол бар
Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», деп нақты бағдар берген болатын. Жолдаудан кейін елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Бағдарлама Түркістан облысында да орындалып келеді. Мәселен мемлекеттік бағдарлама аясында Сарыағаш қаласын ақылды қалаға айналдыру мақсатында Smart city – Saryagash жобасы әзірленген болатын. Осы жоба аясында бүгінгі таңда республикада алғаш рет Сарыағаш қаласында ақылды жаяу жүргінші жолы жүйесі қосылды.
Жобаның ерекшелігі – жүргіншілерді жол бойынан түнгі мезгілде қауіпсіз өткізу. Сандық жүйе жол жиегіне келген жаяу жүргіншіні қауіпсіз жол бойынан өткізу үшін, арнайы сезгіш датчиктері іске қосылып, жол жамылғысы жарықтанады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Сарыағаш қаласында пайдалануға берілген бұл ақылды жаяу жүргінші жолы тұрғындардың жол қауіпсіздігін сақтауда үлкен септігін тигізуде. Елдің қауіпсіздігіне арналған жүйе алдағы уақытта халық көп жүретін маңызды жаяу жүргінші жолдарға орналастыратын болады.