Егістік көлемі ұлғайды
Халқы ауыл шаруашылығына бейім келетін Сайрам ауданында ағымдағы жылы 53 040 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Өткен жылы оның көлемі 52 288 гектарды құраған болатын.
Жергілікті жер емген диқандар бүгінде егін егудің инновациялық тәсілдерін қолданып келеді. Соның арқасында мұндағы өнім көлемі жыл сайын артуда. Мамандардың дерегінше ауданда егістік жер көлемінің артуына байланысты биыл бидай алқабын 15800 гектарға ұлғайту көзделсе, арпаны 1800 гектарға егу жоспарланған екен. Ал, дәндік жүгеріні 350 гектарға, бұршақты дақылдарды 150 гектарға және мақсары 10100 гектарға орналастыру межесі тұр. Сонымен қатар, 100 гектарға күнбағыс, 12300 гектарға ескі жоңышқа, 4100 гектарға жаңа жоңышқа, 200 гектарға сүрлемдік жүгері, 4500 гектарға көкөніс, 3500 гектарға картоп егілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 752 гектар жерге артық егіс егіледі деген сөз. Оның ішінде картоп егістігінің көлемі 3500 гектарға ұлғаймақ.
Айта кетейік, Сайрам ауданы Оңтүстік өңірдегі ауылшаруашылық секторы жақсы дамыған, облысты көкөніс, дәнді-дақылдармен қамтамасыз етіп отырған өлкенің бірі.