«Біздің полицейлерің қауқары жоқ»: Тәуекел Мүсілім ұрлықтың құрбаны болды
Отандық актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілімнің подъезде тұрған велосипедін ұрлықшылар жымқырып кетті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Оқиға шамамен бір ай бұрын болған. Мүсілім бейнебақылау камерасына түскен видеоны жариялап, мән-жайды баяндады.
"23 маусым күні күзеті, бейнебақылауы бар тұрғын үй кешенінде түскі 12:00-де болған жағдай. Бір жыл бойы подъезде тұрған велосипедті ұрлап алып кетті. Сондықтан бей-жай қарамаңыздар. Құлыптарыңыз болса, соған байлап қойыңыздар. Қазіргі ұрылар Алладан қорықпайды, күзетті менсінбейді, видеобақылауды қыстырмайды. Ал біздің полицейлердің іздеуге мүлдем қауқары жоқ", - деді Мүсілім.
Актер бір ай бойы полициядан үміттеніп, үнсіз келгенін атап өтті.
"Бірақ босқа үміттеніппін. Бұл видео арқылы көпшілікке "мен сияқты бейқам болмаңыздар" дегім келеді. Дұрысы құлыпқа қойыңыздар. Сақтанғанды Құдай сақтайды", - деп ескертті актер.